Қазақстандықтарға жүргізуші куәлігі мен сақтандыруы жоқ адам жол апатын жасаса, шығынды кім өтейтіні түсіндірілді. Тараз қаласында болған жол апатынан кейін көлік иесі 9 млн теңгеден астам қарыз арқалады. Мұндай шешімді Тараз қалалық соты шығарған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс материалдарына сәйкес, азамат С. жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген. Ол басқа автокөлікпен соқтығысқан. Кейін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот оны жол апатына кінәлі деп таныды.
Сотта тағы бір маңызды жайт анықталды. Жүргізушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылмаған. Сонымен қатар оның көлікті заңды түрде иеленгенін растайтын құжаттары да болмаған.
Ал көліктің заңды иесі басқа адам, азамат К. болып шықты.
Жол апатынан кейін зақымданған көліктің иесі сотқа жүгінді. Ол материалдық шығын мен сот шығындарын өндіріп беруді сұраған. Залал мөлшері тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша есептелді.
Сот көлік жоғары қауіптілік көзі саналатынын ескерді. Заң бойынша мұндай көліктен келген зиянды оны меншік құқығымен немесе басқа заңды негізде иеленетін адам өтеуі мүмкін.
Сот тәуелсіз бағалау есебін іске жарамды әрі сенімді дәлел деп таныды.
Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Көлік иесінен 9 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілді. Бұған қоса мемлекеттік баж, бағалау ақысы және өкіл қызметінің шығыны да қосылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Қазақстанда автокөлік иелері үшін міндетті сақтандыру полисі болуы шарт. Егер жол апатына кінәлі адамда сақтандыру болмаса, зардап шеккен тарап шығынды көбіне сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр болады.
Заңгерлер көлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға берудің өте қауіпті екенін ескертеді. Көлік ресми түрде басқа адамға рәсімделмесе немесе сенім құжаттары дұрыс болмаса, қаржылық жауапкершілік меншік иесіне жүктелуі мүмкін.
Мамандар жол апаты болған жағдайда бірден полиция шақыруға кеңес береді. Көліктің зақымданған жерін фото мен видеоға түсіріп алу керек. Екінші қатысушының сақтандыру полисін тексерген жөн.
Сондай-ақ тәуелсіз бағалау жүргізіп, жөндеуге және басқа шығындарға қатысты барлық чек пен құжатты сақтау қажет. Кейін олар сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Егер кінәлі адамның сақтандыруы болмаса немесе сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартса, зардап шеккен тарап шығынды тікелей кінәлі адамнан немесе көлік иесінен өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







