Қазақстанда жарияланған рақымшылық 3 мыңға жуық әйелді қамтуы мүмкін. Олардың қатарында жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балалары бар аналар да бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі рақымшылық туралы заңның қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жолғы рақымшылықта сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылған. Заңның күші 2902 әйелге қолданылады.
Олардың 249-ы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі пробациялық бақылауда. Бір бөлігіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер бөлек қарастырылады. Түрмеде жазасын өтеп жатқан 60 әйел рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Оларға жазадан босату немесе жаза мерзімін қысқарту шаралары қолданылуы ықтимал.
Пробациялық бақылауда тұрған және кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған 71 әйел де жазасын одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін. Тергеу сатысында жүрген әрі кәмелетке толмаған балалары бар 54 әйелге де заңда көзделген жеңілдік шаралары қолданылады.
Жалпы рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Алдын ала есеп бойынша, шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылады. Тағы 10,8 мың сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылады немесе жазасы жеңілдетіледі.
Ішкі істер министрлігі рақымшылық барлық адам бірден босатылады дегенді білдірмейтінін ескертті. Әр адамның жағдайы жеке қаралады.
Заңның қолданылуы жасалған қылмыстың санатына, сотталған адамның мекемедегі мінез-құлқына, келтірілген залалды өтеуіне және басқа да мән-жайларға байланысты болады. Бір адам жазасын толық өтеуден босатылуы мүмкін. Енді бірінің өтелмеген мерзімі қысқартылады.
Елімізде бұған дейінгі ауқымды рақымшылық Конституцияның 30 жылдығына орай жүргізілген еді. Ол шамамен 10 мың сотталған адамды қамтыды. Олардың 3,3 мыңы әйелдер болған.
Соңғы жылдары Қазақстанда заң бұзған әйелдерді қолдауға бағытталған бірқатар жүйелі шара қабылданды. 2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Жаңа нормаға сәйкес, сот кәмелетке толмаған балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған әйелдерге жазаны өтеуді кейінге қалдыра алады. Мерзім 5 жылға дейін белгіленеді, бірақ бала 14 жасқа толған кезеңнен аспауы керек.
Қазір бұл норма бас бостандығынан айыру орындарында жаза өтеуі тиіс болған 667 әйелге қолданылған. Соның арқасында олар отбасында қалып, балаларын тәрбиелеу мүмкіндігіне ие болды.
Осындай кепілдік кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға да қарастырылған.
Сонымен қатар Парламент қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті Конституция талаптарына сәйкестендіру жөніндегі заңды қабылдады.
Құжатта әйелдердің жазаны өтеу жағдайын жақсартуға бағытталған нормалар бар. Әйелдердің толық қауіпсіздік мекемелерінде жаза өтеуіне тыйым салынады. Отбасы мүшелерімен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алынады.
Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі беріледі. Жүкті сотталған әйелдерге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен тыс азаматтық перзентханаларда босану құқығы ұсынылады.
Әлеуметтік-тұрмыстық кепілдіктер де кеңейеді. Сәлемдемелер мен кездесулер саны көбейеді. Серуендеу уақыты ұзартылады. Азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарларды сатып алуға жұмсалатын қаражат көлемі де артады.
Ішкі істер министрлігі рақымшылық ауыр және аса қауіпті қылмыстарға қолданылмайтынын еске салды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекетке опасыздық, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар бар.
Ведомство әйелдерге қатысты ізгілік шараларының нақты мысалдарын да келтірді. Мәселен, 25 жастағы әйел ұрлық жасағаны үшін 5 жылға сотталған. Ол қазір Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық қолданылса, ол отбасына оралып, дүниеге келетін сәбиіне дайындалуға мүмкіндік алады.
Тағы бір мысал 35 жастағы сотталған әйелге қатысты. Ол есірткі жасырушы болып жұмыс істеуге келісіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Үйінде оны жұбайы мен екі баласы күтіп отыр. Рақымшылық оның жаза мерзімін қысқартып, жақындарына ертерек оралуына мүмкіндік беруі мүмкін.
Министрлік рақымшылықтың басты мақсаты жазадан жалтару емес, қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру екенін атап өтті. Әсіресе балалары бар әйелдер үшін мұндай шешім тек сотталған адамның емес, тұтас отбасының тағдырына әсер етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







