Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға өтініштер қабылдау 2026 жылдың 24 маусымынан басталып, 8 шілдеге дейін жалғасады. Грант көлемі 1 миллион 730 мың теңгені (400 АЕК) құрайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына қайтарымсыз негізде беріледі. Негізгі мақсат – кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру.
Конкурсқа кімдер қатыса алады?
- Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
- Бір жылдан аспайтын мерзімде тіркелген жеке кәсіпкерлер.
- Үміткер міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификат ұсынуы тиіс (сертификаттың мерзімі үш жылдан аспауы керек).
Сонымен қатар, өтініш беруші келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуы керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қандастар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- көпбалалы отбасыларға жәрдемақы алушылар және олардың жұбайлары;
- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтар мен олардың жұбайлары;
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Өтінішті қалай береді?
Өтініш беру үшін Business.enbek.kz порталына тіркеліп, онлайн-форманы толтырып, бизнес-жоспарды жүктеп, барлық құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет.
Грант қандай жобаларға беріледі?
Комиссия ұсынылған бизнес-жобаның өміршеңдігі мен перспективасын, қаржылық негіздемесін және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін бағалайды.
Грант қаражатын келесі бағыттар бойынша жұмсауға рұқсат беріледі:
- құрал-жабдық, керек-жарақтар сатып алу;
- ауылшаруашылық малдары мен құстарын, көшет, тұқымдар алу;
- бизнесті жүргізуге арналған орындарды жалға алу.
Грант қаражатын жеке қажеттілікке, несие жабуға, тұрғын үй сатып алуға, жер телімдерін алуға, шетел валютасын, құнды қағаздар, цифрлық активтер және акцизделетін тауарларды сатып алуға жұмсауға тыйым салынады.
Биыл алғашқы кезеңде еліміздің барлық өңірлерінде 3 764 грант беру жоспарланған (Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа). Жалпы 2026 жылы әлеуметтік осал топтардан шыққан 9 мың қазақстандыққа мемлекеттік грант беру көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







