15 маусым, Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Молдағұлованың туған күні. Биыл қазақтың қаһарман қызының туғанына 101 жыл толды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлия Молдағұлова Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен ел есінде қалған батыр қыздардың бірі. Оның қысқа ғұмыры Отанға адалдықтың, қайсарлықтың және жанқиярлықтың жарқын үлгісіне айналды.
Былтыр Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды батырлардың ерлігі өскелең ұрпақ үшін Отан алдындағы парызға адалдықтың үлгісі екенін атап өткен болатын.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Тағдыр оған ұзақ өмір бермеді. Бірақ оның есімі мен ерлігі халық жадында мәңгі сақталды.
Ол 1943 жылдың қазан айында 2-Прибалтика майданының 22-армиясы құрамындағы 54-жеке атқыштар бригадасы сапында ашық шайқасқа кірді. Майдан даласында мергендігімен ғана емес, батылдығымен де көзге түсті.
1944 жылғы 14 қаңтарда Псков облысындағы Насва стансасын жаудан азат ету кезінде Әлия Молдағұлова ерекше ерлік көрсетті. Толассыз оқ астында жауынгерлерді бірнеше рет шабуылға бастап шықты. Командирлер саптан шыққан сәтте басшылықты өз қолына алып, ұрысты жалғастырды.
Ауыр жараланса да, майдан шебін тастамады. Соңғы демі қалғанша шайқасып, ержүректік пен өжеттіктің өшпес үлгісін көрсетті.
Батыр рухына тағзым
Әлия Молдағұлова небәрі 18 жасында ерлікпен қаза тапты. Соғыстан кейін майданда қаза болған жауынгерлердің сүйегі әскери құрметпен бауырластар зиратына қайта жерленді.
Тарихи деректерге сәйкес, мерген қыз майдан даласында жаудың 78 солдаты мен офицерінің көзін жойған. Көрсеткен ерлігі үшін Әлия Молдағұловаға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол «Алтын Жұлдыз» медалімен және Ленин орденімен марапатталды.
Батыр қыздың есімі елімізде ерекше құрметпен аталады. Көптеген елді мекенге, көше мен даңғылдарға Әлия Молдағұлованың аты берілді. Оның құрметіне ескерткіштер мен мемориалдық кешендер салынды.
Ақтөбе облысында Әлия Молдағұловаға арналған облыстық мемориалдық музей жұмыс істейді. Онда батырдың балалық шағы, оқу кезеңі және майдан жолына қатысты құнды деректер сақталған. Қобда ауданындағы Әлия ауылында да оның рухына арналған музей бар.
Әлия Молдағұлованың есімі Мәскеуде де кеңінен дәріптеледі. 1998 жылы №891 мектепке батыр қыздың аты берілді. Әлия тәлім алған мергендер мектебі орналасқан даңғыл да оның құрметіне аталған. 2005 жылы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында мектеп ауласына ескерткіш қойылды.
Қазақтың даңқты қызы ел басына күн туған шақта халқы мен жерін қорғау үшін майданға аттанған батырлар шоғырынан орын алды. Оның тағдыры мен жауынгерлік жолы әдебиетте, музыкада, кино мен театрда кеңінен дәріптеліп келеді.
Әлия Молдағұлованың ерлігі уақыт өткен сайын алыстамайды. Керісінше, әр буын үшін Отанды сүюдің, намыс пен парызға адал болудың мәңгілік өнегесіне айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







