Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлын 85 жас мерейтойымен құттықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы мерейтой иесіне арнайы құттықтау хат табыстады. Ол Өмірзақ Озғанбайұлының ел ғылымы мен қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтті.
Өмірзақ Озғанбайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор ретінде кеңінен танылған. Ол тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, мемлекеттік қызметтің түрлі саласында абыройлы еңбек етті.
Ғалым ұлт тарихын зерттеу, Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеу және тарихи сананы жаңғырту бағытында маңызды еңбектер жазды. Оның ғылыми ізденістері отандық тарих ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.

Нұрдәулет Қилыбай Өмірзақ Озғанбайұлының туған жерге, ұлттық руханиятқа және жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Облыс әкімі мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тіледі.
«Ғылым мен білімнің, ұлттық тарих пен руханияттың дамуына қосқан үлесіңіз зор. Әсіресе Алаш мұрасын зерттеудегі еңбектеріңіз жоғары бағаланады. Сіздің тарихи зерттеулеріңіз бен ғылыми ізденістеріңіз нәтижесінде жарық көрген іргелі еңбектеріңіз келешек ұрпақ үшін құнды рухани-ғылыми мұра болып қала береді», деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Өмірзақ Озғанбайұлы көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді. Ол өңірдің дамуына бағытталған жұмыстарға сәттілік тілеп, туған жерге қызмет ету әр азамат үшін үлкен парыз екенін атап өтті.
Мерейтой иесінің өмір жолы ғылымға адалдықтың, елдік мүддеге қызмет етудің және ұлттық тарихқа жауапкершілікпен қараудың үлгісі ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







