Абай облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ертіс өзеніне 22 мың сібір бекіресінің шабағы жіберілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Балықтандыру қай жерде өтті?
Табиғат қорғау шарасы Жаңасемей ауданына қарасты Крупское ауылы маңында ұйымдастырылды. Балықтандыру жұмыстары 29–30 қазан күндері өңірлік табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өтті.
Өзенге жіберілген 22 мың шабақтың 8 мыңы – салмағы кемінде 150 грамм болатын бір жылдық балықтар, ал 14 мыңы – биыл өсірілген, салмағы кемінде 20 грамм тартатын жас тұқым.
Маңызды бастама Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Саратовка ауылдық округінде орналасқан «Ost Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен жүзеге асырылды.
Сібір бекіресінің экожүйе үшін мәні
Сібір бекіресі – су экожүйесі үшін маңызы зор, қорғауды және табиғи популяциясын қалпына келтіруді қажет ететін өте бағалы балық түрі. Аталған шара өзендегі балық қорын молайтуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және су биоресурстарының табиғи өсіміне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Абай облысының табиғи ресурстар басқармасы су айдындарын балықтандыру шарасын 2023 жылдан бері жыл сайын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Тұрақты бастамалар су айдындарының экологиялық тепе-теңдігін нығайтып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын арттыра түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







