Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйі төңірегіндегі дау қайта күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қонақүйді қазіргі иелерінен заңсыз тартып алу әрекеті жүріп жатыр деп мәлімдеді. Ал Бас прокуратура бұл уәжбен келіспей, мәселе тек заңды күшіне енген сот шешімдерін орындауға қатысты екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ермұрат Бапи бұған дейін Hilton қонақүйі Кайрат Сатыбалдыұлына жақын адамдар арқылы алынғанын айтып, депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Оның сөзінше, кейін Сатыбалдыұлы мемлекетке қайтарған активтердің қатарында осы қонақүй де болған.
Депутаттың пайымдауынша, нысанға қатысты жағдай толық ашылмаған. Ол қонақүйдің кейін қайтадан Сатыбалдыұлына қатысы болуы мүмкін құрылымдар арқылы сатып алыну қаупі бар екенін айтты.
Бапи қонақүйдің бағалануы бойынша да сұрақ қойды. Оның айтуынша, орталық Алматыда орналасқан халықаралық деңгейдегі нысан 4 млрд теңгеге бағаланған. Ал тәуелсіз сарапшылар оның нарықтық құны 11 млрд теңгеден жоғары болуы мүмкін деп есептейді.
Депутат мұндай төмен баға нысанды кейін аффилирленген компаниялар арқылы аукционнан арзанға қайта сатып алуға жол ашуы мүмкін деген күдік білдірді.
Сондай-ақ ол қонақүйді басқарып отырған компанияларға 4,5 млрд теңге көлемінде салық қарызы жүктелгенін айтты. Бапидің сөзінше, қонақүй қызметкерлерінің тағдыры да алаңдатады. Нысанда шамамен 250 адам жұмыс істейді.
Осыған байланысты депутат Бас прокуратурадан жағдайды тексеріп, заңдылықты қалпына келтіруді сұрады.
Аукцион алдындағы ауыр сұрақ
Бас прокуратураның жауабына сәйкес, 2023 жылғы 18 қыркүйекте Кайрат Сатыбалдыұлы DoubleTree by Hilton кешенін сыйға тарту шарты арқылы Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне берген. Сол күні нысан мемлекеттік меншікке қабылданған.
Одан кейін қонақүйді «АБЛИ-Құрылыс» және Abli-hotels компаниялары пайдаланып келген. Мемлекеттік мүлік департаменті осы заңды тұлғалардан кешенді босатуды талап етіп, сотқа жүгінген.
2024 жылғы 24 сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты қанағаттандырды. Сот шешімі 2024 жылғы 3 шілдеде заңды күшіне енді.
Кейін тағы бір сот шешімі шыққан. Онда Abli-hotels компаниясынан мемлекеттік мүлікті нақты пайдаланғаны үшін 1,1 млрд теңгеден астам қаражат өндіру туралы талап қанағаттандырылған. Бұл шешім де 2024 жылғы 9 қыркүйекте заңды күшіне енген.
Бас прокуратураның мәліметінше, сот шешімдерін орындау үшін атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Сот орындаушылары компанияларға нысанды босату туралы бірнеше рет хабарлама жіберген.
«АБЛИ-Құрылыс» сот орындаушысының әрекеттеріне бірнеше рет шағым түсірген. Бірақ бұл шағымдар нәтиже бермеген. 2025 жылғы қарашада сот шешімін орындамағаны үшін компаниядан 629 мың теңге өсімпұл өндірілген.
Сот шешімін орындалмады
2026 жылғы 8 мамырда сот орындаушысы қонақүйді мәжбүрлі түрде босату 21 мамырға белгіленгенін хабарлаған. 22 мамырда компания өкіліне кешенді 1 маусымға дейін босату міндеттемесі берілген. Бірақ ол мерзімде орындалмаған.
29 мамырда сот орындаушысы полицияға жүгінді. 1 маусымда сот шешімін орындамау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 430-бабымен іс тіркелген.
Бас прокуратура мемлекеттік органдар бұл жағдайда мемлекет мүддесі үшін және өз өкілеттігі шегінде әрекет еткенін мәлімдеді. Ведомство үшінші тұлғалардың мүддесін лоббилеу немесе заңсыз әрекет белгілері анықталмағанын хабарлады.
Сонымен қатар қадағалау органы атқарушылық рәсімдер аяқталғаннан кейін DoubleTree by Hilton қонақүй кешені мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес сауда-саттыққа шығарылатынын растады.
Еске сала кетейік, DoubleTree by Hilton қонақүйі Кайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қайтарған активтердің тізімінде болған. Антикор бұған дейін бұл нысанның құны 6,49 млрд теңге деп бағаланғанын хабарлаған.
Сатыбалдыұлы мемлекетке жалпы құны 700 млрд теңгеден асатын ақша мен мүлік қайтарғаны айтылған. Олардың қатарында Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы, Kaisar Towers бизнес орталығы, DoubleTree by Hilton қонақүйі және өзге де нысандар болған.
Қазіргі даудың негізгі өзегі екі ұстанымға тіреліп отыр. Депутат жағы қонақүйдің бағасы, аукциондағы ықтимал сатып алушы және жұмысшылар тағдыры бойынша күдік бар екенін айтады. Бас прокуратура болса, бұл процестің сот шешімдерін орындау және мемлекеттік мүлікті басқару аясында жүріп жатқанын мәлімдеп отыр.
Енді негізгі сұрақ қонақүйдің алдағы сауда-саттықта қалай бағаланатынына және аукционның қаншалықты ашық өтетініне байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







