Елордадағы элиталық тұрғын үй кешенінің терезесінен ақша толы чемоданның лақтырылуына байланысты басталған дау квазимемлекеттік сектордағы ірі басшылардың тұтқындалуымен жалғасты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлық күдігімен ұсталғанын ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Элиталық кешен ауласындағы оқиға
Оқиға Астананың сол жағалауындағы «Атлант» тұрғын үй кешенінде басталды. Желіде терезеден лақтырылған чемодан мен жерге шашылған жүз долларлық купюралардың бейнежазбасы тарады. Ауланы құқық қорғау органдары дереу қоршауға алып, жедел әрекет етті.
Журналист Михаил Козачков пен бірқатар ақпарат көздері алғашқы сәтте-ақ аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен жоғары лауазымды шенділердің ұсталғанын хабарлаған еді. Бейресми мәліметтерде бірден қос алпауыт ұйым жетекшілерінің есімі аталды.
Құзырлы органдардың жауабы мен ҰҚК мәлімдемесі
Алғашында күштік құрылымдар арасында түсініксіз жағдай қалыптасты. Ішкі істер министрлігі бұл іске қатысы жоқ екенін жеткізді. Қаржылық мониторинг агенттігі де аталған факті бойынша өндіріс жүргізбегенін хабарлады. «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі де жағдайды нақтыламай, үнсіздік танытты.
Көп ұзамай нүктені ҰҚК қойды. Ведомство арнайы операцияның 11 қараша күні өткенін ресми хабарлады.
«11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыповты, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиевті және жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де тұлғаларды ұстады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Арнайы қызмет таратқан мәліметке сәйкес, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Күдікке ілінгендер қандай қызмет атқарған?
Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын 2023 жылдың сәуірінен бері басқарып келді. Ол бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» құрылымында, «Астана» ӘКК-де және халықаралық инвестициялық ұйымдарда жетекшілік лауазымдарда болған.
Ал Елжас Отыншиев ҚТЖ басқарма төрағасы қызметіне жақында ғана, яғни 2026 жылдың шілде айында тағайындалған еді. Оған дейін ол «Самұрық-Қазына» қорында стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор лауазымын атқарған болатын.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жемқорлыққа қарсы күрес президент Тоқаевтың тапсырмалары мен «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде жалғаса беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







