Алматы облысы Қарасай ауданындағы арнайы мектеп-интернаттың директоры, оның орынбасары мен бас бухгалтері жұмысқа келмеген адамдарға ай сайын жалақы аударып, бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Прокуратура тексерісі барысында мекеме басшылығы «өлі жандарды» қағаз жүзінде қызметкер етіп көрсетіп, мемлекет қазынасына 5,8 миллион теңге көлемінде нақты шығын келтіргені әшкереленді.
Жұмысқа келмей жалақы алғандар
Қаржылық былық облыстық білім басқармасына қарасты №3 арнайы мектеп-интернатында орын алған. Аудандық қадағалау органы жүргізген тексеру барысында мектептің лауазымды тұлғаларының алдын ала сөз байласып, қылмыстық схема құрғаны белгілі болды.
Мекеме директоры орынбасарымен және бас есепшісімен бірлесіп, іс жүзінде мектеп табалдырығын аттамаған азаматтарды қызметке ресми түрде қабылданған етіп рәсімдеген. Кейіннен аталған «жалған қызметкерлердің» атына ашылған банктік карточкаларға ай сайын бюджет есебінен жалақы аударылып, қаржы қолма-қол шешіп алынып отырған.
Сот үкімімен мектеп-интернат директоры, оның орынбасары және бас есепшісі кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына қылмыстық жаза тағайындалды.
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.
Ерекше балалардың есебінен баю
Оқиғаның қоғамда үлкен наразылық туғызуының басты себебі — қылмыстың қарапайым мектепте емес, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта жасалғандығында. Тағдырдың тауқыметін тартып, мемлекеттің ерекше қамқорлығына мұқтаж тәрбиеленушілердің жағдайына бағытталған қаржыға көз сүзу — адами және кәсіби тұрғыдан шектен шыққан азғындық.
Балалардың қажеттілігіне жұмсалуға тиіс бюджет қаражаты мектеп басшыларының жеке қалтасына түсіп отырғанда, тәрбиеленушілердің сапалы оңалуы мен білім алуы екінші орынға ысырылған.
Білімдегі бақылаусыз бухгалтерия
Аталған оқиға — отандық білім беру саласында әбден тамыр жайған жүйелі дерттің кезекті бір көрінісі ғана. Соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептер мен балабақшаларда миллиардтаған қаржының жымқырылуы жиілеп кетті. Талдықорғандағы 4,5 миллирд теңгенің ұрлығы, Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы миллиондаған қаржыны қалтаға басқан есепшілердің ісі соның айқын дәлелі.
Көптеген білім ошақтарында директорлар мекемені өзінің жекеменшік кәсіпорнындай көріп, бас бухгалтермен ауыз жаласып, қалаған сомасын заңсыз аударуды әдетке айналдырған. Мектеп қабырғасындағы қаражаттың қалай жұмсалып жатқанына аудандық немесе облыстық білім басқармалары тарапынан тиісті қаржылық бақылау мен нақты аудит жүргізілмейді.
Жалақы төлеу жүйесін толық цифрландырып, қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін биометриялық сәйкестендіру арқылы қадағаламайынша, білімге бөлінген халық қаржысы «өлі жандардың» қалтасына кете бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







