Алматы облысы Ұйғыр ауданында дәстүрлі өрік фестивалі өтті. Шонжы ауылында ұйымдастырылған шарада өріктің әртүрлі сорты мен өнімдері ұсынылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Фестивальге бағбандар, омарташылар, ғалымдар, кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысты. Шараның мақсаты өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, өрік шаруашылығын дамыту және ауданның туристік мүмкіндігін насихаттау.
Фестиваль аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» атты ғылыми конференция өтті. Жиын барысында ғалымдар мен кәсіпкерлер бақ шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда республикадағы өрік өнімінің 70%-ға жуығын Алматы облысы қамтамасыз етеді.
Өңірде 10 мың гектарға жуық бақ болса, соның 46%-ын өрік ағашы құрайды. Ұйғыр ауданында 3200 гектарға жуық өрік бағы бар, онда «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Уйгурский» және «Шалах» сорттары өсіріледі. Биыл ауданда 10 мың тоннадан астам өрік жиналған. Оның бір бөлігі Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуда.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, өрік бүгінде ауданның ресми бренді ретінде тіркелген. Фестиваль бақ шаруашылығымен айналысатын азаматтардың өнімдерін өткізу мен өңдеуге мүмкіндік береді.
Шарада омарташылар да өнімдерін көрсетті. Жергілікті омарташы Таңатар Әбдікерім ара мен өрік шаруашылығы бір-біріне тікелей байланысты екенін, ара тозаңдандырған бақтарда өнім мол болатынын айтты.

Конференцияда ғалымдар бақ шаруашылығын жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізіп, бағбандар өз сауалдарына жауап алды. Алдағы уақытта ғылыми институттармен әріптестік туралы меморандум жасалмақ.
Фестиваль концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Ұйымдастырушылар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға алдағы уақытта да жаңа бастамалар енгізілетінін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







