Қазақстанда бизнеске шетелге шығуға автоматты түрде тыйым салатын жаңа қатаң ереже енгізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Салық кодексінің 189-бабына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап салық органдары компаниялардың топ-менеджерлері мен кәсіпкерлердің шетелге шығуын бұғаттай алады. Шектеу заңда нақты белгіленген екі шарт орындалғанда ғана қойылады.
Бірінші шарт – салық берешегінің заңмен белгіленген сомадан асып, 90 күннен аса уақыт өтелмеуі. Екінші шарт – мемлекет тарапынан қолданылған стандартты мәжбүрлеу шаралары (шоттарды бұғаттау, лицензияны қайтарып алу, инкассолық талап қою) нәтиже бермеуі.
Шектеу автоматты түрде цифрлық жүйеде жүзеге асады. Алдымен салық органы қаулы шығарып, соттың санкциясын алады. Сот шешімі шыққан соң, мәлімет ҰҚК Шекара қызметінің базасына бірден енгізіледі.
Тыйым борыш толық өтелген соң ғана автоматты түрде күшін жояды. Сарапшылар кәсіпкерлерге салық қарыздарын шетел сапарына бірнеше күн қалғанда емес, алдын ала өтеуге кеңес береді.
Қазір жаңа ереже Парламентте талқыланып жатыр. Ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







