Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және салалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесін талқылауға кірісті. Кеңейтілген отырыс министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өтті.
Министрлік мәліметінше, жұмыс тобы зейнетақы жүйесін жаңартуға арналған бірнеше тұжырымдамалық тәсілді қараған. Талқылауда әлеуметтік кепілдік, түрлі санаттағы азаматтарға төлемнің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді демографиялық өзгерістерді ескеру мәселесі басты назарда болды.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы зейнетақы жүйесі жаңа жағдайға бейімделуі керек. Халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Еңбек нарығы да өзгеріп жатыр. Сондықтан болашақ зейнетақы төлемі тек жинақ көлеміне ғана тәуелді болмай, тұрақты әрі болжамды болуы қажет.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуге қатысты тәсіл ұсынды. Бұл модель азаматтың орташа айлық табысын медиандық жалақымен салыстырып, еңбек өтілі мен жүйеге қатысу мерзімін ескеруді көздейді. Негізгі мақсат, тек жинақтаушы жүйеге сүйенетін тәуекелді азайтып, ынтымақ пен төлемнің алдын ала болжанатын қағидатын күшейту.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқа нұсқаны таныстырды. Оған сәйкес жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының 4 пайызы азаматтың жеке шотына, ал 1 пайызы ортақ сақтандыру компонентіне бағытталуы мүмкін. Мұндай тәсіл адамның өмір сүру ұзақтығына қарамастан, зейнет жасында тұрақты қаржылық қолдау көрсетуге арналған.
Сонымен қатар Сенат депутаты Амангелді Нугмановтың ұсынысы да қаралып жатыр. Ол зейнетке шығу шарттарының бірі ретінде міндетті 40 жылдық еңбек өтілін белгілеуді ұсынады. Ал бюджет саласында еңбек етіп, осы межеден асқан азаматтар үшін зейнетке шығу мерзімін икемді айқындау мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.
Министрлік талқылауға белгілі сарапшылар да қатысып жатқанын хабарлады. Олардың қатарында БҰҰ жанындағы Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Болат Жәмішев, Ораз Жандосов және Елена Бахмутова бар.
Зейнетақы реформасына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Қазір әр ұсыныстың әлеуметтік, қаржылық және ұзақ мерзімді әсері талданып жатыр. Негізгі мақсат, азаматтардың қарттық шақтағы табысын тұрақты ету және зейнетақы жүйесінің болашақтағы орнықтылығын сақтау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







