Қазақстанда «Жас сақшы» полиция сыныптарын дамыту жұмысы жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Ішкі істер министрлігі өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрмет сезімін нығайтуға бағытталған жобаны кеңейтіп келеді. Қазір ел бойынша 267 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Онда 5 мыңнан астам оқушы білім алады.
Жоба қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамайтын, елге қызмет етуге және құқық қорғау саласына қызығатын белсенді жастарды біріктіреді. Полиция сыныптарында оқушылардың көшбасшылық қабілеті, тәртібі, мемлекеттік рәміздерге және ұлттық құндылықтарға құрметі қалыптасады. Сонымен қатар жастар ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үйренеді.
Оқу-тәрбие жұмысында құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру және полиция мамандығын насихаттау бағытына ерекше көңіл бөлінеді. Ішкі істер министрлігі үшін аталған сыныптар болашақ кадр резервін даярлаудың тиімді алаңына айналып келеді.
2025-2026 оқу жылында жалпы саны 52 оқушыдан тұратын үш «Жас сақшы» сыныбының түлектері мектеп бітірді. Олар Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті.
Өңірлерде полиция сыныптарының алғашқы түлектеріне сертификат табыстау рәсімдері өтті. Алматы қаласында полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов түлектерге сертификат беріп, олардың патриотизм мен құқықтық мәдениетті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Ақтөбе облысында да бейіндік сынып түлектері марапатталды. Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев жастарды азаматтық жауапкершілік пен қоғамға қызмет ету рухында тәрбиелеудің маңызын айтты.
Ішкі істер министрлігі «Жас сақшы» полиция сыныптарын жастарға заң мен тәртіптің қадірін түсіндіретін маңызды жоба ретінде бағалап отыр. Бағдарлама алдағы уақытта да патриоттық тәрбие, құқықтық сауат және полиция қызметіне қызығатын жас буынды қолдау бағытында жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







