Алматының Алмалы ауданында 25 маусымнан бастап бірнеше көше учаскесінде біржақты қозғалыс енгізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық әкімдік мәліметінше, жаңа схема пилоттық режимде іске қосылады. Шешім аудан тұрғындарының өтініші мен көлік ағынына жасалған талдаудан кейін қабылданған.
Біржақты қозғалыс Прокофьев көшесінде Абай даңғылынан Малая Абая көшесіне дейін солтүстік бағытта енгізіледі. Сондай-ақ Малая Абая көшесінде Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейін шығыс бағытта жүру тәртібі өзгереді. Түркебаев көшесінде Сәтбаев көшесінен Төле би көшесіне дейін солтүстік бағытта біржақты қозғалыс болады.
Әкімдік бұл шешім әкімшілік полициямен бірлесіп қабылданғанын хабарлады. Өзгеріс көлік жүктемесін азайтуға, көшелердің өткізу қабілетін арттыруға және жолдағы даулы жағдайларды қысқартуға бағытталған.
Жаңа қозғалыс тәртібі әзірге сынақ ретінде енгізіліп отыр. Кейін жолдағы ахуал, көлік ағыны және тұрғындардан түсетін пікірлер ескеріледі. Мониторинг нәтижесіне қарай схема сақталуы, өзгертілуі немесе қайта қаралуы мүмкін.
Алматыда соңғы айларда біржақты қозғалыс енгізу тәжірибесі бірнеше ауданда қолға алынды. Бұған дейін қалада 10-нан астам көшеде осындай схема қарастырылып жатқаны хабарланған. Мамандардың есебінше, біржақты қозғалыс кей учаскелерде жолдың өткізу қабілетін 20-25 пайызға дейін арттыруы мүмкін.
23 мамырдан бастап Уәлиханов көшесінің Қабанбай батырдан Қазыбек биге дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді. Сонымен қатар Жуков және Манаев көшелерінде де қозғалыс бағыты өзгерді. Жуков көшесінде оңтүстікке, Манаев көшесінде солтүстікке қарай жүру тәртібі белгіленді.
18 маусымнан бастап Медеу ауданында да жаңа схема іске қосылды. Достық даңғылында Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейін солтүстік бағытта, ал Зенков көшесінде Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейін оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді.
Бұдан бөлек, Әуезов ауданындағы Атамекен шағынауданында да біржақты қозғалыс тәртібі қолданылады. Ол Атамекен көшесінде №103 үйден №108 үйге дейін оңтүстік бағытта белгіленген.
Қала әкімдігі жүргізушілерге жаңа қозғалыс тәртібін ескеріп, жол белгілеріне мұқият қарауды ескертеді. Әсіресе алғашқы күндері аталған көшелер арқылы жүретін көлік иелері бағытты алдын ала жоспарлағаны жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







