Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қолданылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Polisia. kz мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған рақымшылық туралы заң жекелеген азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін ізгілік актісі саналады.
Рақымшылық қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады. Негізінен қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес қылмыс жасағандар, сондай-ақ келтірілген залалы болмаған немесе шығынды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жекелеген санаттағы азаматтар жауаптылықтан немесе жазадан босатылуы мүмкін.
Заңға сәйкес, кей сотталғандардың жазасының өтелмеген бөлігі қысқартылады. Мұндай шешім қылмыстың ауырлығына, келтірілген залалдың өтелуіне және жазаны өтеу кезіндегі мінез-құлқына қарай қабылданады.
Алдын ала есеп бойынша, 16, 5 мыңнан астам адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Олардың 2 900-ге жуығы әйелдер. Бұл санатта жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған аналар да бар.
Дегенмен рақымшылық бәріне бірдей қолданылмайды. Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарына жүрмейді. Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар, азаптау, қылмыстық топ құрамында жасалған әрекеттер де рақымшылыққа кірмейді.
Сондай-ақ қылмысты қайталап жасағандар, аса қауіпті қайталаушылар, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар және сырттай сотталғандар да жеңілдік алмайды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін енгізілген нақты шектеу.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық та өткізіледі. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабындағы айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.
Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Жалпы сома 17 млрд теңгеден асады. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Әкімшілік рақымшылық автоматты түрде жүргізіледі. Азаматтарға мемлекеттік органдарға барып өтініш берудің қажеті жоқ. Барлық рәсім мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы іске асады.
Бірақ әкімшілік рақымшылық та өрескел құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағытқа шығу, жүргізуші куәлігінен айыруға әкелген ауыр жол ережесі бұзушылықтары және қайталанған құқық бұзушылықтар кешірілмейді.
Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан заң бұзса, ол жалпы тәртіппен жауап береді.
Ішкі істер министрлігі бұл шара қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін атап өтті. Рақымшылықтың мақсаты – ауыр қылмыс жасағандарды жазадан құтқару емес, қоғамға елеулі қауіп төндірмеген адамдарға түзелуге мүмкіндік беру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






