Қырғызстанда бұрынғы ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиевке қатысты атышулы «75-тің хаты» жаңа бұрылыс алды. Бішкектің Первомай аудандық соты оны және өзге фигуранттарды кінәлі деп танығанымен, ешқайсысы колонияға жіберілмейтін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырған саяси үндеуге байланысты қозғалған. «75-тің хаты» аталып кеткен құжатқа бір топ саясаткер мен қоғам қайраткері қол қойған. Тергеу тарабы осы үндеуді билікті күшпен басып алуға дайындық ретінде бағалаған.
Айыпталушылар қатарында Камчыбек Ташиевтен бөлек, депутат Курманкул Зулушев, Жогорку Кенеш спикері Нурланбек Тұрғынбек уулу, сондай-ақ Бекболот Талгарбеков, Эмильбек Узакбаев, Аалы Карашев, Курманбек Дыйканбаев және Курсан Асанов бар.
Сот олардың бәрін «қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша ақтады. Ал «билікті күшпен басып алуға дайындалу» бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын кесті.
Үкімнің ең даулы тұсы осы жерде басталды
Тағайындалған жаза нақты түрме мерзіміне айналған жоқ. Сот төрт жылдық жазаны үш жылдық пробациялық бақылауға ауыстырды. Соның нәтижесінде Ташиев те, өзге фигуранттар да колонияға бармайды.
Бішкек соты мұндай шешімді қылмыстың соңына дейін жеткізілмегенімен түсіндірді.
Сот пайымынша, айыпталған әрекет дайындық сатысында қалған. Сонымен бірге судьялар қылмыстық ниеттің іске асу деңгейін, айыпталушылардың жеке басын және оларды қоғамнан оқшауламай-ақ түзету мүмкіндігін ескерген.
Сот пробация қылмыстық жауапкершіліктен босату емес екенін де атап өтті. Яғни сотталғандар белгілі бір мерзім бойы арнайы органның бақылауында болады. Пробациялық бақылау кезінде олар белгіленген талаптарды орындауға міндетті.
Осылайша Қырғызстандағы ең шулы саяси істердің бірі тосын үкіммен аяқталды. Мемлекеттік айыптау бұған дейін фигуранттарға 9 жыл түрме жазасын сұраған еді. Бірақ сот ақырында оларды кінәлі деп танып, нақты абақтыға жаппайтын шешім шығарды.
Айта кетейік, сот үкіміне қорғау тарабы да келіспей отыр. 24.kg мәліметінше, Курманкул Зулушевтің адвокаты шешімді негізсіз деп атап, жоғары инстанцияға шағым түсіретінін мәлімдеген. Камчыбек Ташиевтің қорғаушысы да үкімге қарсы шағымдануға ниетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







