Психологиялық көмек көрсету саласын жабайы нарықтан кәсіби арнаға бұратын, ел күткен маңызды қадам жасалды. Депутат Асхат Аймағамбетов өзінің авторлық заң жобасына Тоқаевтың қол қойғанын сүйіншілеп жеткізді деп жазады Ertenmedia.kz.
«Ендігі жерде екі апталық жеделдетілген курс оқып, өздерін «психолог» немесе «психо-коуч» деп жарнамалап жүргендердің заңсыз қызметіне толықтай тыйым салынады. Сананы саудаға салған мамансымақтардың дәуірі аяқталып, алаң тек дипломды кәсіби мамандар мен бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелгендерге ғана бұйырмақ», — деп жазды Аймағамбетов.
Оның атап өткеніндей, осынай бастама қоғамның жан жарасын емдеуді бизнеске айналдырып, «сәттілік сырымен» жұрттың санасын улаған псевдомамандарға қарсы бағытталған пәрменді соққы.
Адамның жан дүниесімен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті қажет ететіндіктен, әлгі заң халықтың психологиялық қауіпсіздігін қорғаудың берік қалқаны болмақ.
Депутат заңжы Парламент қабырғасындағы ауқымды жұмыстың ең маңызды тармағының бірі ретінде бағалады. Аталған жаңалық әлемжеліде де қызу талқылануда. Желі қолданушылары заңның дер уақытында қабылданғанын айтып, сан соғып қалған таныстарының хикаяларымен бөлісуде.
Сонымен қатар желідегі жұрт дәл осындай қатаң бақылау мен талаптарды бала болашағына тікелей әсер ететін дефектологтар мен логопедтердің, тіпті сырттай оқитын стоматологтардың да қызметіне енгізу қажеттігін алға тартып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






