Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ұсынған материалға сүйенсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституциядағы бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты нормаларды ресми түсіндіру жөніндегі өтініші қаралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы туралы болып отыр. Аталған нормалар Президент, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Сот Төрағасы және Бас Прокурор қызметіне қатысты бір реттік өкілеттік қағидатын белгілейді.
Конституциялық Соттың ашық отырысы Төраға Эльвира Азимованың, судьялар Қайрат Жақыпбаев, Анар Жатқанбаева, Айгүл Қыдырбаева, Қанат Мусин, Бақыт Нұрмұханов, Роман Подопригора және Сергей Ударцевтің қатысуымен өтті. Іс бойынша баяндамашылар ретінде Конституциялық Сот судьялары Сергей Ударцев, Қайрат Жақыпбаев және Қанат Мусин тыңдалды.
Президенттің өтініші 2026 жылғы 15 наурызда жолданған. Мемлекет басшысы Конституциялық Соттан 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес лауазымын атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметке қайта сайлана ала ма немесе қайта тағайындала ала ма деген сауалға ресми түсіндірме беруді сұраған.
Конституциялық Сот өтініш нысанасын қарау кезінде 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді көздейтінін атап өтті. Негізгі Заңда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітіліп, оларды қорғау кепілдіктері күшейтілген.
Конституциялық Сот маңызды қаулы қабылдады
Жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейтін конституциялық құндылықтар қатарына жатқызылған. Сонымен қатар әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары мемлекеттің негізгі бағдарлары ретінде конституциялық деңгейде орныққан.
Конституциялық Сот қолданыстағы Негізгі Заң халық билігінің негіздерін күшейткенін де көрсетті. Конституция бойынша Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендік иесі саналады. Мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу жүйесі де жаңарған: бір палаталы Парламент – Құрылтай құру, Вице-Президент лауазымын енгізу, Үкіметтің рөлі мен жауапкершілігін арттыру, Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастыру, құқық үстемдігін нығайту және құқық қорғау институттарының тиімділігін күшейту тетіктері бекітілген.
Сот пайымынша, жаңа конституциялық архитектура мемлекеттік билікті монополиялауға жол бермеуге бағытталған қосымша құқықтық сүзгілер енгізеді. Халықтың тікелей ерік білдіруі арқылы қабылданған Негізгі Заң қоғам мен мемлекеттің эволюциялық дамуына құқықтық тұғыр қалыптастырады.
Қолданыстағы Конституцияда бір адамның тиісті лауазымды атқаруына бір реттік өкілеттік мерзімі көзделген. 43-баптың 1-тармағына сәйкес, бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды. 72-баптың 2 және 3-тармақтары бойынша бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот Төрағасы немесе судьясы болып тағайындалмайды. 83-баптың 1-тармағында бір адамның Жоғарғы Сот Төрағасы қызметіне бір реттен артық тағайындалмайтыны айқындалған. Ал 84-баптың 3-тармағы бір адамның Бас Прокурор қызметіне бір реттен артық тағайындалуына шектеу қояды.
Конституциялық Сот құқықтық нүкте қойды
Конституциялық Сот осы нормалардағы «Конституцияға сәйкес» деген тіркеске назар аударды. Соттың түсіндіруінше, аталған сөздер сайлау немесе тағайындау мәселесі қолданыстағы Конституциямен және оған қайшы келмейтін заңнамамен реттелетінін білдіреді.
Сот қорытындысында шектеулер адамның бұрын тиісті қызметке сайлануы немесе тағайындалуы дерегімен тек қолданыстағы Конституция және соның негізінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер аясында байланыстырылатыны айтылды. Яғни 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімі жаңа Конституциядағы бір реттік шектеуді есептеу кезінде автоматты түрде ескерілмейді.
Конституциялық Сот азаматтардың аталған лауазымдарды атқаруға қатысты конституциялық құқығын шектеу нақты әрі екіұштылыққа жол бермейтін түрде бекітілуі тиіс екенін атап өтті. Мұндай шектеу кеңейтілген түсіндіру арқылы белгіленбеуге тиіс. Қолданыстағы Конституцияда 1995 жылғы Конституция кезіндегі мерзімдерді немесе сайлану мен тағайындалу деректерін есепке алу жөнінде тікелей нұсқау жоқ.
Осыған байланысты Конституциялық Сот адамның 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Президент, Конституциялық Сот Төрағасы немесе судьясы, Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас Прокурор қызметін атқаруы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануына немесе тағайындалуына конституциялық-құқықтық кедергі болмайды деген байламға келді.
Сот қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 15 наурыздағы Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы осы конституциялық нормаларда аталған лауазымды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлана алады немесе лауазымға тағайындала алады деген мағынада түсінілуі қажет.
Мұндай жағдайда олардың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы немесе тағайындалуы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес алғаш рет жүзеге асқан болып есептеледі.
Нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді. Ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып саналады және шағым жасауға жатпайды. Қаулы заңдарды ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Конституциялық Соттың интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







