Қазақстан Ұлттық қордан алынатын қаражатты қысқартқанымен, сырттан қарыз тартудан бас тартпайды. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мұны бюджет тапшылығын жабуға арналған қалыпты қаржы құралы деп түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген вице-министр былтыр Ұлттық қордан бюджетке шамамен 5,7 трлн теңге трансферт бөлінгенін айтты. Биыл аталған көлем 2,7–3,5 трлн теңге аралығында болады.
«Жыл қорытындысында Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі былтырғыдан азаяды. Өткен жылы шамамен 5,7 трлн теңге бөлінсе, биыл көрсеткіш 2,7–3,5 трлн теңге шамасында қалыптасады», – деді Арман Қасенов.
Оның сөзінше, Ұлттық қордан алынатын ақша азайды екен деп, мемлекет қарыз қаражатынан толық бас тартпайды. Қарыз тарту әлемнің көптеген елінде қолданылатын қалыпты тәжірибе саналады.
«Қазақстанда қарызды тек Қаржы министрлігі ғана емес, квазимемлекеттік сектор да тартады. Бюджетте тапшылықтың болуы мемлекет сырттан қаржы ала алмайды немесе алмауға тиіс дегенді білдірмейді», – деді вице-министр.
Арман Қасенов бюджет тапшылығын да экономикалық саясаттағы қалыпты құбылыс деп бағалады. Оның мәліметінше, Қазақстандағы тапшылық жалпы ішкі өнімнің 2,5–2,7 пайызы шамасында. Халықаралық өлшеммен қарағанда, бұл жоғары көрсеткіш емес.
«Көптеген елмен, соның ішінде дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстандағы бюджет тапшылығы төмен деңгейде. Қытайда, Еуропалық одақ елдерінде және АҚШ-та көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Сондықтан жалпы ішкі өнімнің 2,5–2,7 пайызы көлеміндегі тапшылықпен жұмыс істеу – қалыпты тәжірибе», – деді ол.
Бюджет тапшылығы сақталған жағдайда Үкімет оны қаржыландыру үшін қарыз тарта береді. Қаражат мемлекеттік бағалы қағаз шығару немесе халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алу арқылы түсуі мүмкін.
Сонда кімге, қанша қарызбыз?
Вице-министр елдің мемлекеттік қарызына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның қарызы бар, алайда көлемі халықаралық талаптармен салыстырғанда қауіпсіз деңгейде қалып отыр.
«Қазір мемлекеттік қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнің шамамен 20–22 пайызын құрайды. Ал әлем бойынша орташа көрсеткіш 65 пайызға жуық. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік қарызы халықаралық тәжірибемен салыстырғанда төмен әрі қауіпсіз деңгейде», – деді Арман Қасенов.
Оның сөзінше, Үкімет бюджет тапшылығын толық жоюды мақсат етсе, салықты қазіргіден әлдеқайда көбірек көтеруге тура келер еді. Алайда мұндай міндет қойылып отырған жоқ.
«Егер бюджет тапшылығын нөлге дейін түсіру туралы шешім қабылданса, салықты қазіргіден де қатты көтеру қажет болар еді. Біздіңше, мұндай қадам дұрыс емес. Сондықтан салық мөлшері шектен тыс емес, бірқалыпты көтерілді. Соның нәтижесінде бюджет тапшылығы сақталғанымен, көлемі азайды», – деді вице-министр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







