Көкшетау қаласында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиада басталды. Көкшетауда жарыстың салтанатты ашылуымен қатар «Жаңа жағалау» аумағындағы заманауи скейт-парк пайдалануға берілді. Екі ауқымды оқиға өңірде кәсіби және бұқаралық спортты қатар дамытуға басымдық беріліп отырғанын көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақмола облысы соңғы жылдары республикалық және халықаралық жарыстарды қабылдайтын ірі спорт орталығы ретінде танылып келеді. Өңірде заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, тұрғындарды дене шынықтыруға тарту және ауылдық жерлерде спортты қолжетімді ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер спартакиадасын өткізу құқығы биыл алғаш рет Ақмола облысына берілді.
Мұндай таңдау өңірдің спорттық базасының айтарлықтай нығаюымен байланысты. Қазір облыста республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары ұйымдастырушылық талаппен өткізуге мүмкіндік беретін кешендер жұмыс істейді. Жаңа нысандар кәсіби спортшылармен қатар қарапайым тұрғындардың да тұрақты жаттығуына жағдай жасап отыр.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында 343 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысады. Өңір аумағында 1 200-ге жуық спорт нысаны бар. Олардың қатарында спорт мектептері, бассейндер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және әмбебап алаңдар жұмыс істейді.
Соңғы үш жылда облыста 50-ден астам жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Қазір тағы 30-ға жуық нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Инфрақұрылымдық жобалар спортты қалалармен шектемей, аудан мен ауыл тұрғындарына да қолжетімді етуге бағытталған.
Ақмола облысы бұған дейін де ірі жарыстарды табысты ұйымдастырып келген. Биыл өңірде зияткерлік даму ерекшелігі бар спортшылар арасында шаңғы жарысынан Virtus әлем чемпионаты және халықаралық BURABAY ICE мұз үстіндегі жүгіру жарысы өтті. Республикалық спартакиаданың басталуы облыстың елдегі маңызды спорт алаңдарының біріне айналғанын тағы бір мәрте айқындады.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешенінде ұйымдастырылды. Қазақстанның барлық өңірінен келген мемлекеттік қызметшілер бір апта бойы спорттың он түрінен сынға түседі. Жарыс бағдарламасына футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, жүзу, үстел теннисі, үлкен теннис, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және киберспорт енгізілген.
Спорт инфрақұрылым Көкшетау келбетін өзгертті
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жарысты қабылдау өңір үшін ерекше мәртебе екенін атап өтті. Оның айтуынша, спартакиаданың Көкшетауда өтуі соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесіне берілген жоғары баға саналады. Өңір басшысы облыста спортпен шұғылдануға және халықаралық деңгейдегі додаларды өткізуге қолайлы жағдай қалыптастыру жалғасатынын жеткізді.
«Ақмола облысы үшін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы алғаш рет қабылдау – үлкен мәртебе. Бұл өңіріміз үшін тарихи оқиға әрі спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы еңбектің нәтижесін көрсетеді. Соңғы жылдары біз 50-ден астам спорт нысанын салып, жаңа жарыс алаңдарын қалыптастыру жұмысын жалғастырып келеміз», – деді Марат Ахметжанов.
Өңірдегі спорт саясаты кәсіби ареналар салумен ғана шектелмейді. Көкшетаудың жаңа келбетін қалыптастырып жатқан «Жаңа жағалау» қоғамдық кеңістігі тұрғындар мен қала қонақтарының демалыс және спорт орнына айналып келеді. Абаттандырудың кезекті кезеңі аясында мұнда заманауи скейт-парк ашылды.
Жаңа алаң скейтбординг, BMX велосипед спорты, самокат және ролик тебуге арналған. Нысанның ашылуына орай Street Ride Contest жарысы ұйымдастырылып, кәсіби райдерлер көпшілікке шеберлігін көрсетті. Көрермендер күрделі трюктер мен көше спортының заманауи элементтерін тамашалады.
Жарысқа қатысушылардың бірі осындай алаңдардың ашылуын көше спортын дамытудағы маңызды қадам деп бағалады. Оның сөзінше, сапалы скейт-парк спортшыларға тұрақты жаттығуға және әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Қалада осындай кеңістік көбейген сайын жастардың спортқа қызығушылығы да арта түседі.
Спорттық бағдарлама JANA JAGALAU FEST жастар фестивалімен жалғасты. Фестиваль Көкшетаудың жүздеген тұрғыны мен қала қонағын бір алаңға жинады. Кеште қазақстандық орындаушылар BAKR мен BayanSulu өнер көрсетіп, музыкалық бағдарламаны DJ BAUR жалғастырды.
Жағалау аумағында интерактивті алаңдар, фотозоналар және белсенді демалыс орындары жұмыс істеді. Фестиваль спорттық серпін мен жастар мәдениетін бір кеңістікте тоғыстырды. Қоғамдық кеңістік тұрғындардың уақытын мазмұнды өткізуіне арналған жаңа тартылыс нүктесіне айналды.
Ақмола облысы спортты дамытуда кешенді тәсілге сүйеніп отыр. Заманауи ареналар өңірге елдегі ірі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік берсе, жаңа қоғамдық кеңістіктер спортты тұрғындардың күнделікті өміріне жақындатады. Жүйелі инфрақұрылымдық жобалар облыстың Қазақстандағы жетекші спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







