Алматы облысының Қарасай ауданында металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін «Almaty W. S.» ірі зауыты ашылды. Жобаға 4,7 миллиард теңге инвестиция салынып, кәсіпорында 80-нен астам адам жұмыспен қамтылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өндіріс орны Әйтей ауылдық округінің аумағында орналасқан. Зауыт жылына 10 мың тонна металл конструкциясын, 300 мың текше метр тауарлық бетонды және дәл осындай көлемде сэндвич-панель мен профнастил шығаруға қауқарлы.
Кәсіпорында жыл сайын 10 мың дана модульдік ғимарат пен контейнер, 40 миллион цемент блогы мен тротуар плиткасын өндіру жоспарланған. Сонымен қатар терезе мен есік шығаратын желі іске қосылған.
Қазір зауытта 80-нен астам маман еңбек етеді. Оның 50-і жергілікті тұрғындар. Тағы 20-дан астам жетекші маман қызметкерлерге өндіріс технологиясын меңгеруге көмектесіп, кәсіби тәжірибесін бөлісіп жүр.
Кәсіпорын өнімінің 60 пайызы Алматы қаласы мен Алматы облысының нарығына жөнелтіледі. Қалған 40 пайызы Шымкентке және еліміздің батыс өңірлеріне жеткізіледі. Компания алдағы уақытта экспорттық бағытты да дамытуды көздеп отыр.
Қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған. Мұндай сұраныс зауыт өнімінің ішкі нарықпен қатар көрші мемлекеттерде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.
Өндіріс алаңының жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Компания күрделілігі әртүрлі металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждау қызметін атқарады. Зауытта жұмыстың толық өндірістік циклі жолға қойылған.
Бетоннан модульдік ғимаратқа дейін
Мұнда тапсырысты жобалаудан бастап, дайын конструкцияны құрастыру мен нысанға орнатуға дейінгі барлық кезең бір алаңда орындалады. Осындай модель өндіріс мерзімін қысқартып, өнім сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Дәстүрлі монолитті құрылыс тәсілімен салыстырғанда зауытта дайындалған модульдер мен металл қаңқалар ғимарат салу уақытын едәуір азайтады. Болтты қосылыстар арқылы құрастырылған конструкцияны қажет болған жағдайда бөлшектеп, өзге жерге тасымалдауға болады.
Модульдік технология өндірістік, қоймалық және уақытша ғимараттарды жедел тұрғызуға қолайлы. Құрылыс алаңындағы жұмыстың бір бөлігі зауыт жағдайында орындалатындықтан, ауа райына тәуелділік төмендеп, монтаждау үдерісі жеделдейді.

Жоба Қытай инвесторларының қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Зауыттың салтанатты ашылу рәсімінде кәсіпорынның негізін қалаушы Тивэй Жу Қазақстан экономикасының дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған инвестициялық саясат ықпал етіп отырғанын айтты.
Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау жаңа кәсіпорынды қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік берген. Инвестор өндірістің ашылуы компания үшін де, өңір экономикасы үшін де тың мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Тивэй Жу кәсіпорын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға күш салатынын жеткізді. Компания Қазақстан экономикасының дамуына өндірістік жобалар арқылы үлес қосуды жоспарлап отыр.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов жиналған қауымды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол аудан басшылығы маңызды жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Салтанатты шарада Әйтей ауылдық округінің қадірлі ақсақалы жаңа кәсіпорынға ақ батасын берді. Одан кейін зауыттың лентасы қиылып, қонақтар өндіріс цехтарын аралады. Оларға технологиялық үдерістің ерекшелігі мен шығарылатын өнім үлгілері таныстырылды.
Нысанның құрылысы 2025 жылғы наурызда басталып, желтоқсанда аяқталған. Осы кезеңде өндірістік желі де іске қосылды. Содан бері кәсіпорын 200 мың текше метр бетон және 6 мың тонна металл конструкциясын шығарған.
Зауыттың жобалық қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Өндіріс көлемі жағынан кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы осы бағыттағы ең ірі нысандардың бірі саналады.
Компания келешекте нарықта сұранысқа ие жаңа өндіріс бағыттарын игеруді жоспарлап отыр. Қосымша желілердің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етпек.
Ірі зауыттың ашылуы өңірдің құрылыс индустриясын отандық өніммен қамтуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның экспорттық нарыққа шығуы Алматы облысының өндірістік әлеуетін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашпақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







