«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында шыққан өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 16 шілде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша тілсіз жаумен күреске 536 адам, 126 техника және 7 тікұшақ жұмылдырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Әуе техникасы өрт ошағына 96 рет су төккен. Жалпы көлемі 114 тонна су пайдаланылды. Өрт аймағына қосымша күш пен техника жіберіліп жатыр.
Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген. Кей аумақта төменгі өрт ағаштардың ұшар басына таралып, жоғары өртке ұласуда. Мұндай жағдай жалынның жылдам таралу қаупін арттырады.
Құтқарушылар мен орман шаруашылығы қызметкерлері өрт шебін оқшаулауға күш салып жатыр. Жерүсті топтары арнайы техникамен жұмыс істесе, тікұшақтар жалынның қарқынды тараған бөлігіне әуеден су төгуде.
Жағдай Премьер-министрдің жеке бақылауына алынған. Жауапты мемлекеттік органдардың басшылары өртке қатысты жедел мәліметті сағат сайын баяндап отыр.
Қазіргі уақытта негізгі күш өртті оқшаулауға, жалынның жаңа аумаққа таралуына жол бермеуге және табиғи резерваттағы өрт ошақтарын толық сөндіруге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







