Абай облысының әкімі Берік Уәли «Семей орманы» резерватындағы өрт аймағына барып, жалын шарпыған аумақты тікұшақпен әуеден бақылап шықты. Өңір басшысы өртті сөндіру кезінде адам өмірі мен қауіпсіздігі басты орында тұруы қажет екенін атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы әуе барлауы барысында өрттің таралу бағытын, негізгі ошақтарды және құтқарушылардың жұмысын бағамдады. Жағдайға байланысты жауапты органдарға жедел тапсырмалар берілді.
Тілсіз жаумен күреске бірнеше министрліктің күштері мен көрші өңірлерден келген құтқарушылар жұмылдырылған. Мамандар жалынды оқшаулау, орманның жаңа аумағына таралуына жол бермеу және өрт ошақтарын толық сөндіру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Өрт сөндіру авиациясы жалын шарпыған аумақтарға 89 тонна су төкті. Әуе техникасы жерүсті топтары жете алмайтын күрделі учаскелерді сөндіруге тартылған.
Берік Уәли барлық қызметтің өзара үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, өртті сөндіру барысында құтқарушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне басымдық берілуге тиіс.
Өрт аймағындағы ахуал тұрақты бақылауда. Жауапты құрылымдар жалынның таралуына қатысты жедел ақпаратты жаңартып, қажетті күш пен техниканы бағыттап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







