«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатта Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Шерзод Пулатов алдағы Құрылтай сайлауының саяси маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 23 тамыздағы дауыс беру Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесін жаңа институционалдық кезеңге бастайтын тарихи таңдау болмақ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шерзод Пулатов қос палаталы Парламенттің елдің құқықтық жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және заң шығару мәдениетін орнықтыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Алайда қоғам өзгерген сайын саяси институттар да жаңа талапқа бейімделуі қажет. Бір палаталы Құрылтайға көшу қалыптасқан тәжірибеден бас тарту емес, заң шығарушы билікті заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.
Оның пікірінше, бір палаталы құрылым заң жобаларының бірнеше сатыдан өту рәсімін қысқартып, өзекті мәселеге жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге қабылданған заңдар үшін саяси жауапкершілік бір орталыққа шоғырланады. Осы арқылы депутаттардың шешімі мен оның салдары қоғамға анық көрінуге тиіс.
«Парламент жұмысының нәтижелілігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана байланысты емес. Ең маңыздысы – депутаттардың кәсіби деңгейі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі және ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы. Заң жобалары сапалы әрі жан-жақты дайындалуы керек», – деді Шерзод Пулатов.
Сарапшының айтуынша, алдағы сайлаудың басты ерекшелігі – жаңа Конституция шеңберінде құрылатын бір палаталы Құрылтайдың алғашқы құрамы айқындалады. Сондықтан оны кезекті электоралдық науқан ретінде ғана қабылдауға болмайды. Сайлау Қазақстанның саяси және құқықтық құрылымындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
Дауыс беру бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен өтеді. Мұндай модель саяси партияларға ел көлеміндегі қоғамдық сұранысты жинақтап, түрлі әлеуметтік топтың мүддесін ортақ бағдарламаға біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар парламенттік қызмет үшін ұжымдық саяси жауапкершілік партиялардың өзіне жүктеледі.
Шерзод Пулатов саяси партиялардың өзге ұйыммен бірігуі олардың жарғылық органдары қабылдайтын саяси-құқықтық шешім екенін айтты. Ол «AMANAT» партиясының қалыптасқан кадрлық әлеуеті мен мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамытуда жинақтаған тәжірибесіне тоқталды. Аталған фракцияның «Әділет» партиясына қосылуы жаңарған құндылықтар мен ортақ стратегиялық мақсат төңірегінде топтасуға ұмтылыс ретінде бағаланған.
Соған қарамастан, кез келген саяси бірігудің шынайы құндылығы атауы немесе ұйымдастырушылық рәсімі арқылы өлшенбейді. Нәтиже саяси мәдениеттің жаңаруынан, ашықтықтың артуынан және азаматтар пікірінің ескерілуінен көрінуі қажет. Қоғам алдындағы жауапкершілік нақты әрекет арқылы дәлелденуге тиіс.
«Саяси ұйымдарға берілетін шынайы бағаны олардың мәлімдемелері емес, ұсынған идеяларының өміршеңдігі айқындайды. Сонымен бірге кадрлық әлеуеті мен нақты атқарған жұмысы ескеріледі. Қоғам партияның сөзіне емес, нәтижесіне қарайды», – деді ол.
Сарапшы қоғам мен билік арасындағы диалогтың сапасы сайлау күнімен ғана өлшенбейтінін атап өтті. Халықтың ұсыныстары партия бағдарламасында, депутаттық сауалда және парламенттік бақылау тетігінде көрініс табуға тиіс. Жаңа Құрылтай қоғамдық пікірді тыңдап қана қоймай, оны нақты заңнамалық шешімге айналдыратын алаң болуы қажет.
Оның пікірінше, Құрылтай ел үшін маңызды мәселе еркін талқыланатын беделді саяси әрі зияткерлік институтқа айналуы керек. Салмақты пікірталас мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағытын айқындауға негіз болады. Мұндай алаң қоғамдағы түрлі көзқарасты өркениетті түрде тоғыстыруға мүмкіндік береді.
Шерзод Пулатов қоғамдық қызметі барысында азаматтық қоғам өкілдерімен, сарапшылармен, жастармен және этномәдени бірлестіктермен тұрақты кездесіп жүргенін айтты. Ол кәсіпкерлермен және түрлі саланың мамандарымен де саяси реформалардың мазмұнын талқылаған. Кездесулердің мақсаты белгілі бір кандидатқа немесе партияға қолдау көрсетуге үгіттеу емес екенін атап өтті.
Пікір алмасу барысында жаңа Конституцияның мазмұны, бір палаталы Құрылтайдың өкілеттігі және заң үстемдігі мәселесі қозғалған. Сонымен бірге қоғамдық келісім мен азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі талқыланған. Сарапшы қоғамда жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық жоғары екенін байқаған.
Азаматтар жаңа Құрылтайдың бұрынғы Парламенттен қандай айырмашылығы болатынын білгісі келеді. Депутаттардың жауапкершілігі қалай күшейтілетіні және қоғамдық ұсыныстардың заң шығару үдерісіне қалай енгізілетіні де жұртты толғандырады. Шерзод Пулатов мұндай сауалдардың қойылуын қалыпты әрі пайдалы құбылыс деп бағалады.
Оның айтуынша, қоғамдық сенім тек түсіндіру жұмысымен қалыптаспайды. Сенім жаңа институттың нақты нәтижесі, ашықтығы және қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы нығаяды. Сондықтан Құрылтайдың беделі оның атауымен емес, азаматтардың өміріне ықпал ететін шешімдерімен өлшенбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






