Қазақстан экономикасы қағаз жүзінде өсіп келеді. Статистикадағы оң көрсеткіш халықтың күнделікті тұрмысына ене алмай отыр. Жалақы көбейгенімен, инфляция табыстың өсімін жұтып, несие мен бөліп төлеуге байланған тұтыну отбасылық бюджетті ойсыратуда. Экономист Айбар Олжай осы тұста Жұманғарин жиі айтатын экономикалық өсімнің қазақтардың әл-ауқатына неге әсер етпей отырғанын жіліктеп берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сөзінше, Үкіметтің баяндамасы әдемі естілгенімен, қалың бұқараның тұрмысында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Басты түйткіл — халық табысының баға өсіміне ілесе алмауында.
«Экономикалық көрсеткіштер түзелгенімен, қазақтардың әл-ауқаты неге артпай жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Мәселе мынада. Өткен жылы сіз бен біздің табысымыз инфляциядан баяу өсті. Табыс шамамен 11 пайызға артса, инфляция 12,3 пайызды құрады. 2026 жылдың мамыр айындағы қорытынды бойынша халықтың нақты табысы бары-жоғы 0,1 пайызға ғана ұлғайды», – дейді Айбар Олжай.
Сарапшы Қазақстан үшін ең үлкен сын-қатердің бірі ретінде импорттың шамадан тыс ұлғаюы мен халықтың несиеге тәуелділігін атауда. Кейбір жанұялар ай сайынғы табысының жартысына жуығын банктегі қарызын өтеуге жұмсайды.
«Қалыпты жағдайда несие төлемі табыстың 20 пайызынан аспауға тиіс еді. Бiрақ бізде кейбір азаматтар тапқан нәпақасының 50 пайызына дейін банктерге береді. Бұл ма, бұл өте күрделі мәселе», – деді ол.
Жалақыны құр ұлғайтқаннан қайыр бар ма?
Айта кетелік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі кепілсіз тұтынушылық несие беруге бірқатар шектеу енгізген. Нәтижесінде мұндай заемдардың өсу қарқыны бәсеңдеген. Бұдан бөлек, 2025 жылдың соңында Бектенов үкіметі еңбекақы қорын ұлғайтуға бағытталған ауқымды бағдарлама қабылдап, оны іске асыру биыл басталған еді.
Дегенмен, экономистің пайымдауынша, табыспен бірге баға да қатар өсетін болса, жалақыны құр ұлғайтудан қайран болмайды.
«Жалақының өсуі инфляциямен қабаттаса жүрсе, одан еш пайда жоқ. Айталық, айлық 100 мыңнан 120 мың теңгеге өсті делік, бірақ сонымен бірге тауар мен қызмет де қымбаттады. Бұндай жағдайда адамның сатып алу қабілеті өзгеріссіз қалады. Сондықтан алдымен инфляцияны ауыздықтау қажет», – деп атап өтті Айбар Олжай.
Базалық мөлшерлеме қашан төмендейді?
Тимур Сүлейменов? Сарапшы Ұлттық банктің базалық ставкіні не себепті жоғары деңгейде ұстап отырғанын да түсіндіре кетті. Айтуынша, қымбат несиелер шектен тыс тұтынуды тежеп, бағаның өсуін баяулатуы тиіс.
«Базалық мөлшерлеме әдейі жоғары ұсталып отыр. Несие арзан болса, халық тағы қарыз алады. Артық тұтыну, соның ішінде бөліп төлеу арқылы сауда жасау азайса, сұраныс та төмендейді. Сұраныс бәсеңдеген кезде инфляция біртіндеп тежеледі. Ол 10 пайыздан төмен түскесін ғана базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік туады», – деп түсіндірді ол.
Экономист сырттан тасымалданатын тауар көлемінің артуы ұлттық валютаға косымша салмақ түсіреді деген пайымда. Болжамынша, биыл Қазақстанға әкелінетін тауар көлемі 70 млрд долларға жетуі мүмкін. Соның 1,5 млрд доллары немесе 4,3 пайызы смартфонға тиесілі екен. Сарапшының дерегінше, телефонның 78 пайызы бөліп төлеу арқылы рәсімделген.
«Көпшілігіміз жыл сайын жаңа смартфон алуға әуеспіз. Иә, біреудің шешімінде шатағымыз жоқ, бірақ миллиондаған адам дәл осылай әрекет еткенде, жалпы тауар тасымалының көлемі артады. Ел шетелден неғұрлым көп тауар әкелсе, теңгеге түсетін қысым соғұрлым күшейеді. Ұлттық валютаның әлсіреу қаупі де артады», – деді Олжай.
Бөлеу төлеу синдромы
Әсіресе тұрмыстық техника мен электроникаға деген шектен тыс сұраныс сырттан келетін тауар ағынының өсуіне қатты әсер етуде. 2025 жылы елге 65 млрд доллардың тауары әкелінген. Биылдың алғашқы бес айында осы көрсеткіш едәуір өскен.
«Бұған ба, бұған халықтың тағы да бөліп төлеу арқылы жаппай сауда жасай бастауы басты себеп болып отыр», – деді экономист.
Айтқандай, қыркүйектен бастап бөліп төлеуге алынған тауар да азаматтың жалпы борыш жүктемесіне қосылмақ. Жаңа талап қарызы көбейіп кеткен адамға қосымша несие беруді шектеуге мүмкіндік береді.
«Бұрын бір адамның бір банктік несиесі мен он шақты бөліп төлеуі болуы мүмкін еді. Соған қарамастан ол тағы қарыз рәсімдей алатын. Енді бөліп төлеу де жалпы несие жүктемесіне есептеледі. Адамның бақылаусыз қарыз жинауына тосқауыл қойылады. Мұны дұрыс шешім деп санаймын», – деді Айбар Олжай.
Сарапшы жастардың қаржылық сауатын арттыруға да ерекше мән беру керек деген ұстанымда. Пікірінше, қазақтар ел ішінде өндірілмейтін әрі экономикалық қайтарымы жоқ шетелдік тауарды ойланбай сатып алудан бас тартқаны абзал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







