Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаты Ерболат Мұхамеджан «Ақ жолдың» сайлауалды бағдарламасында соңғы 20 жылдан бері айтылып келе жатқан бастамалар қайталанғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, ұзақ жыл саясатта жүрген партиялар қоғамға жаңа уәде емес, атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетуге тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ерболат Мұхамеджан мұндай пікірін Қызылордада өткен форумда айтты. Ол «Ақ жол» партиясының кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру, квазимемлекеттік секторды қысқарту, бизнесті қорғау және әкімшілік қысымды төмендету жөніндегі ұсыныстары бұған дейін де бірнеше рет көтерілгеніне назар аударды.
– Осы мәселелерді 20 жылдан астам уақыт айтып келсеңіздер, кәсіпкерлер неге әлі күнге дейін өзгерісті күтіп отыр? Бұл жаңа бағдарлама ма, әлде бұрынғы уәделердің кезекті басылымы ма? – деді Respublica кандидаты.
Мұхамеджанның айтуынша, саяси алаңға жақында келген партиядан «Алдағы уақытта не істейсіздер?» деп сұрауға болады. Ал ондаған жыл бойы қоғамдық-саяси үдеріске қатысып келе жатқан ұйымдар атқарған жұмысы туралы есеп беруге тиіс.
– Жаңа партияға «Не істейсіздер?» деген сұрақ қойылады. Ал саясатта 20 жыл жүрген партиядан «Осы уақыт ішінде не істедіңіздер?» деп сұрау қажет, – деді ол.
Respublica өкілі сайлаушыларға бұрыннан таныс бастамаларды жаңартылған бағдарлама ретінде ұсыну жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пайымынша, қоғамды уәденің сыртқы формасы емес, орындалу тетігі, мерзімі және өлшенетін нәтижесі қызықтырады.
«Қазақстанға жаңа мұқабаға салынған ескі уәделер қажет емес. Қазақстанға нәтиже керек», – деді Ерболат Мұхамеджан.
Мәлімдеме сайлау науқаны кезіндегі партияаралық саяси пікірталастың бір бөлігі саналады. Онда айтылған бағалар Respublica партиясы кандидатының ұстанымын білдіреді. «Ақ жол» партиясының аталған сынға қатысты жауабы әзірге ұсынылған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







