Қазақстанның Ұлттық архиві жиырма жыл ішінде мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін, қоғамдық өзгерістер мен тарихи тұлғалардың мұрасын сақтайтын іргелі орталыққа айналды. Мерейтойға арналған халықаралық конференцияда архив қорларын цифрландыру, жасанды интеллектіні пайдалану және құжаттық мұраны келешек ұрпаққа қолжетімді ету мәселелері талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуға Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және архив саласының ардагерлері қатысты.
Конференцияға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінен келген басшылар мен мамандар да қатысты. Тараптар тарихи құжаттарды сақтау, ғылыми айналымға енгізу және халықаралық дерек алмасу бағытындағы тәжірибесін ортаға салды.
Іс-шараның ашылуында Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент Ұлттық архив ұжымы мен сала ардагерлерін мекеменің 20 жылдығымен құттықтап, тарихи мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
– Архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты, – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Мемлекет басшысы мұндай жұмыстың ұлт шежіресін терең танудағы маңызына назар аударды. Архив қорларына шетелден әкелінген құжаттар мен тарихи деректер бұрын көмескі қалған оқиғаларды ғылыми тұрғыдан қайта зерделеуге мүмкіндік береді.
14 ғасырлық жады
Ұлттық архив тек мемлекеттік құжаттар сақталатын қойма емес. Ол мемлекеттің институционалдық жады, қоғамдық өзгерістердің дерекнамасы және тарихи сабақтастықты қамтамасыз ететін ғылыми орталық саналады.
Аида Балаева архив ісінің қалыптасуына үлес қосқан мамандар мен ардагерлерге ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басып, адам капиталына, білімге, ғылымға және инновацияға негізделген басымдықтарды айқындап отыр.
– Халықтың тарихи жады — мемлекеттің рухани негізі. Сол мұраны сақтайтын басты институттардың бірі — архив. Ұлттық архив төл тарихымызды жаңғыртып, оны өскелең ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосып келеді, – деді Аида Балаева.
Премьер-министрдің орынбасары тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау жаңа конституциялық құндылықтардың бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, архивтегі әрбір құжат өткенді тануға ғана емес, мемлекеттің болашақ бағдарын айқындауға да қызмет етеді.
Аида Балаева 2026 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе берілетінін хабарлады. Мұндай шешім мекеменің тарихи мұраны сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу ісіндегі ерекше орнын айқындайды.

Мерейтойға орай архив саласының дамуына үлес қосқан бірқатар ардагер мен маман Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында ұзақ жыл құжаттарды жинақтау, сақтау, жүйелеу және зерттеу ісімен айналысқан сала қызметкерлері бар.
Архив саласы жаңғырып келеді
Ұлттық архивтің тұңғыш директоры Рысты Сариеваның еңбегіне де ерекше құрмет көрсетілді. «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме аясында оның қызметіне арналған арнайы бұрыш ашылды.
Көрмеге мекеменің құрылу кезеңін, архив қорларының қалыптасуын және жиырма жыл ішінде атқарылған жұмысты таныстыратын құжаттар мен фотоматериалдар қойылды. Экспозиция Ұлттық архивтің шағын мекемеден ел тарихының негізгі дерек орталықтарының біріне дейінгі даму жолын көрсетеді.
Қазір Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорына кіретін 30 миллионға жуық құжат сақтаулы. Салада 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Қорлар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен мәдениет өкілдерінің жеке құжаттарымен тұрақты толықтырылып келеді.
Архив ісін дамытудың негізгі бағытының бірі — цифрлық трансформация. Соңғы жылдары Ұлттық архивтегі цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін артқан.
Цифрлық көшірме тарихи түпнұсқаны физикалық тозудан қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар зерттеушілер мен азаматтардың қажетті құжатқа жедел қол жеткізуіне жол ашады. Әсіресе сирек қорларды электронды форматқа көшіру құнды деректің жоғалу қаупін азайтады.
Салада «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілді. Платформа құжаттарды қабылдау, сақтау, есепке алу және азаматтар мен ұйымдардың сұрау салуын жедел орындауға арналған.
Жасанды интеллект архивке келеді
Архив саласын цифрландыру қарапайым сканерлеумен шектелмеуге тиіс. Құжатты мәтін бойынша іздеу, тарихи есімдер мен оқиғаларды байланыстыру, қолжазбаларды тану және үлкен деректерді саралау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану қажеттігі артып келеді.
Алайда цифрлық жүйені енгізу кезінде деректің түпнұсқалығын, ақпараттық қауіпсіздікті және жеке мәліметтерді қорғау талаптарын сақтау маңызды. Электронды архив зерттеуші үшін қолжетімді болғанымен, тарихи құжаттың мазмұны өзгеріске ұшырамауы керек.
Кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір архив саласындағы мыңнан астам қызметкер арнайы сертификат алған. Жаңа технология мамандардан тарих пен құжаттануды ғана емес, цифрлық жүйе, деректерді қорғау және ақпараттық талдау дағдыларын да меңгеруді талап етеді.
Конференция барысында архив қорларын қалыптастыру, тарихи құжаттарды ғылыми тұрғыдан жариялау, шетелдік мекемелермен ынтымақтастық орнату және жасанды интеллектіні архив ісіне енгізу мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында Қазақстанның архив саласын одан әрі дамытуға арналған қарар қабылданып, нақты ұсыныстар әзірленді. Алдағы міндет — тарихи мұраны сақтау мен цифрлық қолжетімділіктің арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету.
Ұлттық архивтің жиырма жылдық жолы құжат сақтаудың мемлекеттілік үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Өйткені архивте сақталған әр дерек өткеннің белгісі ғана емес, қоғамның тарихи санасын қалыптастыратын және келешек ұрпаққа бағыт беретін ұлттық жадының бір бөлшегі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







