Астанада Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің телевизиялық дебаты басталды. «Жетінші арнадағы» тікелей пікірталастың негізгі тақырыбы білім беру жүйесін дамытуға арналды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Саяси дода «Қазмедиа орталығында» өтіп жатыр. Эфир басталар алдында партия өкілдері жақтастарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерімен кездесті. Одан кейін қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тартылды.
Жеребе қорытындысы бойынша Respublica партиясынан Мейрамгүл Мадали бірінші болып сөз алды. Одан кейін «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Мақсұт Нәсібулов, «Әділет» партиясынан Рауан Кенжеханұлы пікір білдіреді.
Келесі кезекте «Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов, «Ауыл» партиясынан Шахмардан Байманов және Қазақстан халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов сөз сөйлейді. Осылайша телевизиялық пікірталасқа Құрылтай сайлауына қатысатын жеті партияның өкілі түгел қамтылды.
Дебат төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлімде қатысушылар сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, ашық пікірталасқа қатысады. Партия өкілдеріне өз бастамаларын түсіндірумен қатар, саяси қарсыластарының ұсыныстарына жауап беру мүмкіндігі берілген.
Екінші кезеңде білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланады. Қатысушылар мектептегі білім сапасы, мұғалім мәртебесі, ауыл мен қала арасындағы алшақтық, кәсіптік даярлық және еңбек нарығына қажет маман тәрбиелеу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салады.
Үшінші бөлім студиядағы көрермендердің сұрақтарына арналған. Мұндай формат партия өкілдерін алдын ала дайындалған мәтінмен шектелмей, азаматтарды толғандырған нақты мәселелерге жедел жауап беруге міндеттейді.
Соңғы кезеңде қатысушылар сайлаушыларға қорытынды үндеу жасайды. Әр партия өкілі өз бағдарламасының негізгі басымдығын тағы бір мәрте атап, азаматтарды сайлауда қолдау көрсетуге шақырады.
Жобаның басты ерекшелігінің бірі — көрермендердің тікелей эфирге интерактивті қатысуы. Экранда көрсетілген QR-код арқылы «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап беруге болады. Аралық нәтиже екінші кезеңнен кейін, қорытынды көрсеткіш эфир соңында жарияланады.
Мұндай онлайн сауалнама ресми электоралдық рейтинг саналмайды. Ол тікелей эфирді көріп отырған аудиторияның сол сәттегі реакциясын ғана көрсетеді. Дегенмен дауыс беру партия өкілдерінің ойын қаншалықты түсінікті әрі нанымды жеткізгенін бағалауға мүмкіндік береді.
Телевизиялық дебат «Жетінші арнаның» эфирінен және арнаның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан көрсетіліп жатыр. Пікірталас саяси партиялардың бағдарламаларын салыстырып, білім саласына қатысты ұсыныстардың мазмұнын бағалауға арналған ашық алаңға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






