Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі спорт пен цифрлық технологияны бір алаңда тоғыстырды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов фиджитал-футбол жарысын тамашалап, қазақстандық командаларға қолдау білдірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан биыл әлемнің 50 елінен келген 800 спортшының басын қосқан ірі халықаралық турнирді қабылдап отыр. Ел намысын барлық сегіз спорттық бағыт бойынша 11 команда қорғайды.
Фиджитал-футбол — классикалық футбол мен оның цифрлық нұсқасын біріктіретін жаңа формат. Қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте бәсекеге түсіп, кейін нәтижесін нақты алаңдағы ойынмен жалғастырады. Осы ерекшелік «Болашақ ойындарын» дәстүрлі спорт жарыстарынан айырып, технологиялық спорттың жаңа бағыты ретінде танытып отыр.
Ербол Мырзабосынов жарысты тамашалау барысында турнирдің Қазақстан үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, спорт пен технологияны тоғыстырған дода елдің инновациялық даму бағытымен үндеседі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында мұндай турнирдің өтуінің мәні ерекше. «Болашақ ойындары» спорт пен заманауи технологияны біріктіріп, еліміздің инновациялық даму бағытын айқын көрсетеді, – деді министр.
Турнирге халықаралық аудиторияның қызығушылығы да жоғары. Ұйымдастырушылар мәліметінше, жарыс трансляцияларын көру саны 185 миллионға жеткен. Бәсекелер 16 тілде көрсетіліп, ондаған халықаралық медиасеріктес пен 100-ден астам стример ақпарат таратып жатыр.
Ербол Мырзабосыновтың пікірінше, мұндай ауқым Қазақстанның әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігін танытады. Сонымен қатар жаңа форматтағы жарыс елдің цифрлық және спорттық инфрақұрылымын халықаралық аудиторияға көрсетуге мүмкіндік береді.
Фиджитал спорт соңғы жылдары киберспорт пен дәстүрлі спорттың арасындағы шекараны жақындатқан жаңа бағыт ретінде қалыптасып келеді. Мұнда спортшыға физикалық дайындықпен қатар, жылдам шешім қабылдау, цифрлық ортада бағдарлау және тактикалық ойлау қабілеті қажет.
Қазақстандық командалардың барлық сегіз бағытқа қатысуы да отандық спортшылар үшін халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Әсіресе технологиямен тығыз байланысты жаңа спорт түрлерінің дамуы жастар арасындағы қызығушылықты арттыра алады.
Министр турнирді ұйымдастыруға атсалысып жүрген спортшылар мен волонтерлерге алғыс айтып, қазақстандық командаларға сәттілік тіледі.
– Турнирдің өтуіне үлес қосып жатқан спортшылар мен волонтерлерге алғысымды білдіремін. Командаларымызға сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетулерін тілеймін, – деді Ербол Мырзабосынов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






