«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы, бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Құрылтай сайлауында дауыс беріп, Қазақстанның технологиялық серпілісіне қажет басты шартты атады. Оның пайымынша, қуатты жасанды интеллект пен заманауи дата-орталықтардың өзі мығым институт пен жауапкершілік болмаса, елді алға сүйрей алмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мусин кез келген жүйе уақыт талабына сай жаңарып отыруға тиіс екенін айтты. Мұндай өзгеріс ескі жүйенің нашарлығын емес, жаңа міндеттердің туғанын білдіреді. Ол осы қағиданы мемлекетке де қатысты деп санайды.
Бұрын Қазақстан алдында мемлекеттік қызметтерді онлайнға көшіру міндеті тұрды. Кейін анықтамалар азайып, құжаттар смартфонға енді, қажетті платформалар мен инфрақұрылым қалыптасты. Ендігі меже одан да күрделі. Ел жасанды интеллектіні дамытуға, төл есептеу қуатын қалыптастыруға, дата-орталықтар салуға және телекоммуникация желілерін жаңғыртуға кірісуі керек.
«Ең заманауи дата-орталық салуға, ең қуатты жасанды интеллектіні енгізуге, мыңдаған үдерісті цифрландыруға болады. Бірақ технология өздігінен жұмыс істемейді. Оның артында мықты институттар мен жауапкершілікті мойнына ала алатын адамдар тұруы керек. Сондықтан саяси жаңғыру мен технологиялық даму мен үшін бір үдерістің қос арнасы», – деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, толыққанды цифрлық мемлекет ұғымын қосымшалар мен серверлердің санымен ғана өлшеуге болмайды. Нағыз цифрлық ел шешімді жылдам қабылдайды, халықтың үнін естиді, дерекке сүйенеді және әлеммен қатар өзгеруге дайын тұрады.
Мусин кейінгі жылдары Қазақстанда саяси институттар жаңарып, шешім қабылдау тәсілі өзгергеніне де назар аударды. Қоғаммен ашық диалог пен жеке жауапкершілікке көбірек салмақ беріле бастаған. Сондықтан Құрылтай сайлауын елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі ретінде бағалады.
«Қазақстан болашаққа жай ғана ілесіп отырмауы керек. Болашақты өзіміз осы жерде, дәл қазір жасауымыз керек», – деп түйіндеді «Қазақтелеком» басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







