Армения алдағы бес жылда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына қайтып оралмайды. Премьер Никол Пашинян тіпті ҰҚШҰ Ереванды мүшеліктен шығарса, мұндай шешімді қуана қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Армения 2024 жылы ұйымдағы қызметін тоқтатқанымен, қағаз жүзінде әлі де ҰҚШҰ мүшесі саналады.
«Арменияның ҰҚШҰ-ға қайтып оралу немесе ұйым аясындағы жұмысын қайта бастау жоспары жоқ. ҰҚШҰ жұмысына қайта араласпайтынымызды нық айта аламын», – деді Пашинян.
Осылайша Ереван ұзақ уақыт бойы бұлдыр күйде тұрған ұстанымын барынша ашық білдіруде. Алдағы 5 жылда Арменияның Мәскеу жетекшілік ететін әскери-саяси ұйымға қайтар жолы жабық.
Пашинянның айтуынша, ҰҚШҰ ішінде Арменияны мүшеліктен шығару мәселесі де талқыланып жатыр. Ұйым жарғысы өз міндеттемесін ұзақ уақыт орындамаған мемлекетке қатысты осындай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Армения екі жылдан бері ҰҚШҰ бюджетіне мүшелік жарнасын төлемеген. Енді Пашинян осы жағдайды соза бергеннен гөрі, ұйымның өзі түпкілікті шешім қабылдағанын жөн көреді.
«Ұйым ішінде аталған мәселе талқыланып жатқанын білемін. ҰҚШҰ Арменияны құрамынан шығару туралы шешім қабылдаса, оған қуана-қуана келісер едім. Сонда шығамыз ба, шықпаймыз ба деген екіұдай күйден құтылар едік», – деді ол.
Премьер-министр Ереванның ұйымнан теріс айналуына қауіпсіздік мәселесі себеп болғанын айтты. Армения бұған дейін ҰҚШҰ-ға елдің аумақтық қауіпсіздігіне қатысты нақты сауал жолдағанымен, өзіне қажет жауапты ала алмаған.
Пашинянның сөзінен кейін мәселе ынтымақтастықты уақытша тоқтатудан саяси қоштасу кезеңіне ауысқаны анық байқалды. Ереван осы аралықта сыртқы саясаттағы жаңа тіректерін іздеп жатыр. Пашинян Үкіметтің жақын уақытта Еуроодаққа кіру жөніндегі ресми өтінімді әзірлеуге кірісуі мүмкін екенін айтты.
ЕО мүшелігіне қатысты референдум Брюссельдің жауабы алынғаннан кейін ғана өтуі ықтимал. Оған дейін тараптар Арменияның мүмкіндігіне сай нақты әрі орындалатын жол картасын жасауы керек.
Пашинян алдағы бес жылда Арменияның сыртқы саяси бағытын қайта құруға ниетті екенін аңғартуда. ҰҚШҰ-ға қатысты мәлімдеме осы бетбұрыстың ең өткір тұсы, Ереван Кремль бастаған ұйымға оралмайды және одан шығудан да қорықпайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







