Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген Өзбекстан азаматы Иқболжон Қорабоев тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған. 46 жастағы ғалымның қамауда отырғанына екі айға жуықтағанымен, істің нақты мән-жайы мен оның қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеді деп күдікке ілінгені әлі белгісіз, деп хабарлайды Ertenmedia.kz BBC-дің Өзбек қызметіне сілтеме жасап.
Қорабоевтың жақындарының айтуынша, 3 шілдеде азаматтық киімдегі бірнеше адам профессордың Астанадағы үйіне келген. Олар ғалымға тыңшылық жасады деген күдік тағылғанын айтып, өздерімен бірге алып кеткен.
Өзбекстанның Әндіжан өңірінде туған профессор Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша күдікке ілінген. Аталған бап шетелдік азаматтың мемлекеттік құпияны шет мемлекетке немесе ұйымға беруі, жинауы, ұрлауы мен сақтауын, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы өзге де әрекетін қамтиды.
Қорабоев Астанада жұбайы және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.
Ұсталу себебі әлі ашылған жоқ
BBC бірнеше апта бойы ғалымның ұсталу жағдайын анықтауға тырысқан. Алайда Қорабоевпен бірге жұмыс істеген бірқатар зерттеуші ашық пікір білдіруден бас тартса, кейбірі аты-жөнін құпия сақтауды сұраған.
Басылым Өзбекстанның Бас прокуратурасы, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері мен Қазақстандағы консулдығына сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған. Maqsut Narikbayev University де сауалды жауапсыз қалдырған.
Қорабоев аға ғылыми қызметкер саналатын Бельгиядағы БҰҰ университетінің Салыстырмалы өңірлік интеграцияны зерттеу институты ғалымның жағдайына алаңдаушылық білдіргенімен, ресми мәлімдеме жасамаған.
Консулдық қызметкеріне ақпарат берді деген болжам бар
Ғалымның жақыны қауіпсіздік қызметкерлері Қорабоевты үйінен алып бара жатқанда оның Астанадағы Өзбекстан консулдығының қызметкеріне ақпарат жеткізіп тұрғанын меңзегенін айтты. Профессор мұны сол сәтте жұбайына айтып үлгерген.
Осы дерекке сүйенген болжамдардың бірі бойынша, Қорабоев Ташкенттің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікке ілінуі мүмкін.
Екінші болжам ғалымның стратегиялық маңызы бар минералдарға қатысты зерттеулерімен байланысты.
BBC Қорабоевтың биыл сәуірде жазылған, бірақ әлі жарық көрмеген соңғы ғылыми еңбегімен танысқан. Зерттеу «Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды минералдарға қатысты салыстырмалы құқықтық, саяси және стратегиялық нарративтер» деп аталады.
Еңбекте Қазақстанға қатысты тоғыз, Өзбекстанға қатысты сегіз және халықаралық деңгейдегі үш құжат талданған. Әріптесінің сөзінше, зерттеуде пайдаланылған мәліметтің бәрі ашық дереккөздерден алынған.
Қорабоев 2024 жылы да Орталық Азиядағы маңызды шикізат қорлары мен Қытай және Батыс арасындағы геосаяси бәсекеге арналған зерттеу ұсынған.
Соңғы жылдары литий, кобальт, никель, графит, мыс пен сирек жер элементтері үшін халықаралық талас күшейіп келеді. Мұндай шикізат электромобиль, аккумулятор, микрочип, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібіне қажет.
Алайда профессордың ұсталуын осы зерттеулермен байланыстыратын ресми айғақ жоқ. BBC мұны тек ықтимал нұсқалардың бірі ретінде келтіреді.
Адвокат ғалыммен кездесе алмай отыр
Қорабоевтың туыстары профессордың толыққанды құқықтық көмек ала алмай отырғанын мәлімдеген. Мемлекет тағайындаған адвокат оған бір рет кіргенімен, отбасыға істің жай-жапсары жөнінде нақты мәлімет бермеген. Кейін туыстары жеке қорғаушы жалдаған.
Қазіргі адвокаттың айтуынша, ол Қорабоевпен әлі кездесе алмаған. Іс мемлекеттік құпияға қатысты болғандықтан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсаты қажет. Қорғаушы мұндай рұқсаттың берілуі апта сайын кейінге шегеріліп келе жатқанын айтқан.
Профессордың отбасы ҰҚК төрағасына, Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға жазбаша өтініш жолдап, адвокаттың Қорабоевқа кіруіне кедергі келтірмеуді сұраған.
Өзбекстан билігі мен елшілігінің өз азаматына қандай консулдық немесе құқықтық көмек көрсетіп жатқаны да белгісіз. Қорабоевтың бізден ел тыс жерде тұратын әріптесінің айтуынша, профессордың дипломаттармен, саясаткерлермен және сыртқы саясат мамандарымен кең байланысы ҰҚК-ның назарына ілігуіне себеп болуы ықтимал.
Қорабоев деген кім?
Иқболжон Қорабоев Ташкенттегі Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетін тәмамдаған. Францияның Монпелье университетінде халықаралық және Еуропа құқығы бойынша екі магистрлік дәреже алып, Тулуза университетінде халықаралық жария құқық мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Қазақстанға көшкенге дейін сол университетте сабақ берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







