Meta компаниясы Instagram мен Facebook-тің балаларды өзіне тәуелді ететініне қатысты АҚШ штаттары түсірген талап-арыздардың басым бөлігін реттеуге келісті. Корпорация 18 миллиард долларға дейін өтемақы төлеп, жасөспірімдердің әлеуметтік желіде отыратын уақытын қатаң шектемек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Тараптардың бітімге келуі федералдық деңгейдегі сот процесін тоқтатты. АҚШ штаттары Meta-ны Instagram мен Facebook алгоритмдерін балалардың назарын барынша ұзақ ұстап, оларды платформаларға тәуелді ету үшін әдейі құрастырды деп айыптаған.
Калифорния, Колорадо, Кентукки және Нью-Джерси бастапқыда компаниядан шамамен 200 миллиард доллар өндіріп алуды көздеген.
Жасөспірімдерге күніне екі сағат беріледі
Келісім бойынша Meta алдағы он жыл бойы жасөспірімдердің Instagram мен Facebook-ті пайдалану уақытын тәулігіне екі сағатпен шектеуге міндеттенді.
Түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ата-анасының арнайы рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге кіру мүмкін болмайды. Сабақ уақытында, таңғы 08:00-ден күндізгі 15:00-ге дейін push-хабарламалардың басым бөлігі өшіріледі.
Жасөспірімнің жасын анықтау үшін тәуелсіз жүйе қолданылады. Алайда мұндай тетіктің қалай жұмыс істейтіні әзірге толық жарияланған жоқ.
Төлем көлемі 18 миллиард долларға жетуі мүмкін
Meta кепілдендірілген төлем ретінде шамамен 12,7 миллиард доллар бөледі. Snapchat, TikTok пен YouTube балаларға дәл осындай шектеу енгізген жағдайда компания тағы 5 миллиард доллар төлеуге тиіс.
Бұған қоса, Facebook қолданушыларының жеке деректері тараған Cambridge Analytica дауына байланысты 459 миллион доллар жеке өтемақы қарастырылған.
Жалпы төлем көлемі 18 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Reuters мәліметінше, мұндай сома Meta компаниясының шамамен үш-төрт айда табатын пайдасына тең.
Келісім жарияланғаннан кейін корпорация акциялары 1,1 пайызға қымбаттады.
Meta өз кінәсін мойындаған жоқ
Компания бітім шарттарын қабылдағанымен, өзіне тағылған айыпты мойындамады.
«Жасөспірімдердің платформаларымызды қауіпсіз әрі пайдалы ортада пайдалануы Meta үшін сөзсіз басымдық саналады. Ата-аналар мен жасөспірімдер алдындағы жауапкершілігімізді дұрыс атқарғымыз келеді», – делінген компания мәлімдемесінде.
Сонымен бірге келісім Instagram мен Facebook-тегі жеке талғамға сай ұсыныстар мен нысаналы жарнама жүйесін қамтымайды. Meta-ның өз зерттеушілері жасөспірімдердің дене бітіміне көңілі толмауына ықпал етуі мүмкін деп бағалаған контентке де жеке шектеу қойылған жоқ.
Екі штат соттасуды жалғастырады
Флорида мен Нью-Мексико ұсынылған бітімге қосылудан бас тартып, Meta-ға қарсы сот ісін жалғастыруға шешім қабылдады.
Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер келісілген соманы компанияның балаларға келтірген зардабымен салыстырғанда тым мардымсыз деп бағалады.
«Meta-ның пайдаға деген ашкөздігі балаларымызға орасан зиян келтірді. Соның жанында ұсынылған төлем көк тиынға татымайды», – деді ол.
Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, бірнеше тетікті қарастыруға кіріскен. Ұсыныстардың бірі балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін SIM-карта арқылы растауды көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







