Полиция атышулы Анастасия Ахметова мен желіде Вайс тегімен танылған Эльмира Кулакованың үстінен іс қозғады. Екеуі де ұлтараздықты қоздырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған блогерлердің желідегі жазбаларынан кейін құқық қорғау органдарына түскен арыз-шағым себеп болған. Жұмсартып айтқанда, Ахметова мен Кулакова ұлтаралық қарым-қатынас, әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы жанжал және мемлекеттер арасындағы текетіреске байланысты резонансты тақырыптарды жиі көтерген.
Жазбасында Кремль мен Киев арасындағы соғысқа, тіл дауына және Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға баға берген. Титулды ұлқа тіл тигізген сәттері де аз емес. Күні кеше екеуі де тергеу амалын бастау үшін полицияға жеткізілді. Сот оларға әртүрлі бұлтартпау шарасын таңдаған екен.
Бала-шағасы бар Анастасия Ахметова үйқамаққа алынды. Ал Эльмира Кулакованы қамауда ұстауға санкция беріліп, тергеу изоляторына жіберілген.
Екеуінің ісі де Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық алауыздықты қоздыру») бойынша қаралуда. Кінәсі дәлелденсе 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Анастасия Ахметова: Өзін «интернационалист», «еуразияшыл» ретінде таныстырып жүрген блогер. Желіде Мәскеуді ашық қолдап, Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесін, ұлттық мүддені қорғаушы белсенділерді үнемі кемсітіп, мұқатып келген. Сондай-ақ Батысқа қарсы мәлімдемесімен, Қазақстанда «шетел агенттері туралы заң қабылдау керек» деген бастамасымен танылған.
Эльмира Кулакова: (желіде Эльмира Вайс): Алматы облысының Талғар қаласында тұрады. Желіде «Вайс» деген бүркеншік атпен жазады. Ол да ұлттық құндылықтарға, әсіресе қазақ тіліне, тарихи оқиғаларға (мысалы, Ашаршылық тақырыбына) қатысты арандату пікірімен және Кремль саясатын ашық насихаттауымен жұрттың наразылығын тудырып келген.
Желідегі қауым бүгінгі оқиғаны «елдегі ақпараттық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сепаратистік риторикадан тазарту» деп бағалауда. Ал Кремльдегі пропаганда әлгі екеуіне араша сұрап, ұлардай шулап жатқан жайы бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







