Астана қаласында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қырғызстандық екі студент Кенесары хан мен қазақ халқының тарихына қатысты айтқан даулы пікірі үшін қазақтардан кешірім сұрады. Әлемжеліде тарап, қос елдің жұртшылығы арасында қызу пікірталас тудырған жазбадан кейін бойжеткендер қазақ тілінде бейнеүндеу таратты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желіні шулатқан тікелей эфир
Даудың басы Chat-roulette платформасында шетелдік блогер Пан Васильдің арнасында өткен онлайн әңгімеден басталды. Тікелей эфир кезінде Бішкектен келген Арууке және Эдина есімді студент қыздар қазақ пен қырғыз халықтарының тарихы туралы ой бөліскен. Сұхбат барысында олардың бірі қазақтар тарихта кейін пайда болды деген қисынсыз пікір айтып, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Әсіресе желі қолданушыларының ашу-ызасын қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы айтылған ауыр сөздер өршітті.
Студенттердің бірі Кенесары ханның бас сүйегіне байланысты орынсыз мәлімдеме жасап, оның рухын қорлау мақсатында бас сүйегінен шарап ішетіні туралы жаға ұстатарлық пікір білдірген.
Қоғам наразылығы және жауапкершілік талабы
Бейнежазбаның үзіндісі Threads, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде тараған соң қазақстандық аудитория қатты ашынды. Желі қолданушылары қыздардың сөзін ел тарихы мен ұлт қаһарманының рухына жасалған ашық құрметсіздік деп бағалады.
Көптеген азаматтар бойжеткендердің оқу орнынан шығарылуын, елден депортациялануын талап етіп, аталған әрекетке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектiк-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша құқықтық баға беруді сұрауда.
Сонымен қатар қырғызстандық желі қолданушылары да студенттердің сөзін айыптап, бауырлас екі елдің арасына сына қағатын әрекетке қарсы пікір білдірді.
Қазақ тіліндегі бейнеүндеу: Студенттердің кешірімі
Қоғамдағы үлкен резонанстан кейін қырғызстандық бойжеткендер қазақ тілінде арнайы бейнеүндеу жазып, көпшіліктен кешірім өтінді. Олар өздерінің арандатуға еріп кеткендерін, айтқан сөздерінің қате екенін толық мойындайтындарын жеткізді.
«Құрметті бауырлас қазақ халқы! Осы бейнеүндеу арқылы сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Желіде тараған видеода блогер тарапынан үгіт сипатындағы сөздер мен арандатушылық сұрақтар болды. Алайда ол біздің тарапымыздан айтылған сөздерді еш ақтамайды. Біздің мақсатымыз қазақ халқын қорлау немесе кемсіту болған жоқ. Қандай жағдай болмасын, өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайтынын түсіндік және өз жауапкершілігімізді толық сезінеміз», – деді олар мәлімдемесінде.
Студенттер сонымен бірге қырғыз халқынан, өз оқытушылары мен ата-аналарынан кешірім сұрап, алдағы уақытта мұндай жауапсыз мәлімдемелерге ешқашан жол бермейтіндеріне уәде етті. Қазіргі уақытта аталған оқиғаның мән-жайы бойынша ресми құзырлы органдарға сауалдар жолданған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







