Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысындағы инфрақұрылымдық және геосаяси кедергілер Қазақстандағы мұнай өндіру мен шикізат экспортының көлеміне тікелей әсер етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің мәлімдеуінше, экспорттық жүйедегі түрлі іркілістер мен сыртқы геосаяси жағдайлар ел экономикасына айтарлықтай салмақ салды. Бастапқыда биыл мұнай өндіру көлемін 105 миллион тоннаға жеткізу көзделгенімен, орын алған кедергілерге байланысты жылдық жоспар 96 миллион тоннаға дейін төмендетілді.
«Ол жақта өрт те болды. Тиісінше, геосаяси жағдай да әсер етеді. Бізде өндіріс көлемі азайып, экспорт та кеміді. Бұған макрокөрсеткіштердің, соның ішінде теңге бағамының да ықпалы бар екенін көріп отырмыз», – деп атап өтті Азамат Әмрин.
Экономикаға тиген тізбекті салдар
Бірінші вице-министр мұнай өндіру көрсеткішінің азаюы экспорттық кеден бажы есебінен бюджетке шамамен 200 миллиард теңгенің түспей қалуына әкелгенін нақтылады. Дегенмен, мәселенің жанама әсері одан да ауқымды болып шықты. Әсіресе батыс өңірлердегі өндірістік екпіннің баяулауы сервистік компаниялардың кірісін азайтып, саладағы мамандардың тұтынушылық белсенділігіне қысым жасады. Осы факторлардың жиынтығынан ел экономикасы 1,7 триллион теңгеден қағылып, салықтық түсімдердің көлемі кеміді.
Үкімет қазіргі республикалық бюджет жобасын әзірлеу барысында бір баррель мұнайдың бағасын 70 АҚШ доллары деңгейінде бекітті. Бұл есеп 18 беделді халықаралық қаржы ұйымының консенсус-болжамы мен әлемдік энергетика нарығындағы жағдайға сүйене отырып қабылданған.
Негізгі экспорттық дәліздің маңызы
Қазақстанның экспортқа шығаратын қара алтынының 80 пайыздан астамы дәл осы Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді стратегиялық кен орындары өнімін Новороссийск портындағы теңіз терминалына жеткізуде бұл жүйеге тәуелді. Қара теңіз айлағындағы қолайсыз ауа райы, пилотсыз құрылғылар салдарынан туындайтын қауіптер немесе мұнай айдау станцияларындағы тоқтаулар өндіріс қуатын мәжбүрлі түрде шектеуге алып келеді.
Сала мамандары қалыптасқан жағдай мұнай тасымалы бағыттарын әртараптандыру мәселесін тағы да өткір қойып отырғанын айтады. Соған қарамастан, қысқа мерзім ішінде КҚК қуаттылығына жететін толыққанды балама бағытты құру күрделі міндет болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







