Қазақстандықтарды шетелге оқуға, тағылымдамаға немесе алмасу бағдарламасына жіберетін ұйымдарға мемлекеттік аккредиттеу енгізу ұсынылды. Студентті далада қалдырмаудың маңызы зор. Құрылтай депутаты Константин Петров мұндай операторларды төтенше жағдайда азаматтарды елге қайтаруға арналған резервтік қор құруға міндеттеуді сұрады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутат бастамаға шетелде қиын жағдайда қалған қазақстандық студенттердің оқиғасы түрткі болғанын айтты. Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа барған 200 студент бір мезетте ақшасыз және баспанасыз қалған. Олардың қауіпсіз оралуына жауап беретін тиімді қаржылық тетік болмаған.
Константин Петров туристік қызмет пен жастар алмасу бағдарламаларын реттеудегі олқылыққа назар аударды. Қазір жастарды шетелдік тағылымдамаға жіберетін делдалдардың жұмысы тиісті деңгейде лицензияланып, бақыланбайды. Компания қызметін тоқтатса немесе алаяқтық жасаса, негізгі тәуекел азаматтың өзіне түседі.
Депутат Еуропалық одақтағы тәжірибені мысалға келтірді. Онда туроператорлар мен халықаралық сапар ұйымдастырушылары міндетті қаржылық кепілдікке ие болуы керек. Компания банкротқа ұшыраған немесе дағдарыс туған жағдайда азаматтарды шұғыл қайтару мен ақшасын өтеу арнайы қор есебінен жүргізіледі.
«Еуропалық одақ заңнамасы міндетті кепілдіктер мен өтемақы қорларының болуын талап етеді. Дағдарыс немесе компания банкрот болған жағдайда осы қаражат есебінен азаматтар жедел түрде елге қайтарылып, төлеген ақшасы толық өтеледі. Өкінішке қарай, Қазақстанда жастарды шетелге тағылымдамаға жіберетін делдалдардың қызметі тиісті деңгейде лицензияланбайды әрі бақыланбайды», – деді Константин Петров.
Ұсыныс бойынша халықаралық тағылымдама мен алмасу бағдарламасын ұйымдастыратын туристік және білім беру агенттіктері мемлекеттік аккредиттеуден өтуге тиіс. Операторлар шетелдегі ресми түрде танылған қабылдаушы ұйымдармен тікелей шарт жасасуы керек. Мұндай талап кездейсоқ делдалдардың нарыққа кіруін шектеуге бағытталған.
Маңызды депутаттық бастама
Депутат аккредиттелген операторлардың ашық электрондық тізілімін құруды да ұсынды. Азаматтар келісімшартқа қол қоймай тұрып компанияның заңды мәртебесін, рұқсат құжаттарын және ресми серіктестерін сол жерден тексере алады. Тізілім ата-ана мен студентке делдалдың сенімділігін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Халықаралық сапар ұйымдастырушыларына нысаналы резервтік қор немесе арнайы сақтандыру өнімін қалыптастыру міндеті жүктелуі мүмкін. Қаражат компанияның банкроттығы, алаяқтық әрекеті немесе шетелдегі төтенше жағдай кезінде жұмсалады. Негізгі мақсат қазақстандықтарды қауіпсіз жерге көшіру мен елге қайтару шығынын кепілдендіру.
Ұсыныс әзірге депутаттық бастама күйінде қалып отыр. Оны іске асыру үшін туристік және білім беру қызметін реттейтін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Аккредиттеу талаптары, резервтік қордың көлемі мен бақылаушы мемлекеттік орган кейін айқындалмақ.
Work and Travel оқиғасы шетелдік бағдарламаға жолдама сату сапарды толық ұйымдастыру деген сөз емес екенін көрсетті. Делдал табысқа ортақтасса, тәуекелге де жауап беруі керек. Депутат ұсынған тетік қабылданса, жастардың қауіпсіздігі компанияның уәдесіне ғана емес, нақты қаржылық кепілдікке сүйенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







