Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына шет мемлекеттерден 48 отбасы, яғни 129 қандас қоныс аударды. Атажұртқа оралған ағайынның басым бөлігі Ресей, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан мен Ираннан келген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік қолдау және бейімделу үдерісі
Теріскейге бет бұрған қандастарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Оларға көшіп келуге берілетін субсидиялар төленіп, баспана сатып алу үшін 7 миллион теңге көлемінде арнайы сертификаттар табысталады. Оған қоса тұрақты жұмыс орындарын табуға, балаларын оқу орындарына орналастыруға жәрдем жасалады.
Бескөл ауылының тұрғыны Айбаршын Құдайбергенова бүгінде жергілікті Отбасын қолдау орталығында психолог болып қызмет атқарады. Ол өңірге жаңадан көшіп келген ағайынның қоғамға тез сіңісіп, бейімделуіне кеңес беріп, көмектеседі. Маман екі жыл бұрын отбасымен бірге Өзбекстаннан қоныс аударған кезін еске алды.
Айбаршын Құдайбергенова атамекенге оралу перзенттерінің ертеңі үшін жасалған маңызды қадам болғанын айтады:
«Біз тарихи отанымызға оралып, балаларымыздың Қазақстанда өсіп-жетілуін қалағандықтан көшіп келдік. Мемлекет қажетті көмекті толық көрсетті, баспана алуға жәрдемдесті. Барлық төлемдерді алып, жұмысқа орналастық. Ал қызымыз қандас мәртебесінің арқасында университетте мемлекеттік грант бойынша оқып жатыр», – деп есіне алды Айбаршын Құдайбергенова.
Қандас мәртебесін алуға қойылатын жаңа талаптар
Елге қоныс аударушыларға қолдау сақталғанымен, қандас мәртебесін тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді өтініш білдірген әрбір үміткер бірнеше сүзгіден өтуге міндетті.
Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлова жаңа ереженің кезеңдерін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, енді тіл білу деңгейі мен жалпы әлеуетке баса мән беріледі.
«Елге келетін қандастар бірнеше кезеңнен, оның ішінде қазақ тілінен тесттен, сауалнамадан және сұхбаттасудан өтуі қажет. Бірінші кезең – «Қазтест» емтиханы, онда өтініш беруші дұрыс жауаптардың кемінде 70 пайызын жинауы тиіс. Сертификатты қолына алғаннан кейін ғана азамат сауалнама кезеңіне жолдама алады», – деп мәлімдеді бас маман.
600 баллдық шек және экономикалық тиімділік
Тілдік сынақтан өткен азаматтар арнайы цифрлық порталда сауалнама толтырады. Ақпараттық жүйе үміткердің жасын, білімі мен біліктілігін, денсаулық жағдайын, тіпті Қазақстанда туған-туыстарының бар-жоғын ескере отырып, оның әлеуетін автоматты түрде бағалайды. Оң шешім алу үшін кемінде 600 балл жинау міндеттелген.
Сауалнамадан кейін мемлекеттік органдар тарапынан арнайы тексеріс жүргізіліп, қорытынды сұхбаттасу ұйымдастырылады. Жауапты мамандар енгізілген талаптар көші-қон үдерісін ретке келтіріп, шетелден келген қандастардың өңір экономикасына нақты пайда әкелуін қамтамасыз етеді деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







