Қазақстан трассаларында түнгі уақытта жүргізушіге бағыт көрсететін лазерлік құрылғылар мен орташа жылдамдықты өлшейтін камералар көбейеді. Жаңа технологиялар енгізілген жолдарда адам өлімі 33 пайызға азайған, — деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір еліміздегі автомобиль жолдарының 22 учаскесінде 56 лазерлік құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар түнде және ауа райы күрт нашарлаған кезде жол қозғалысының бағытын көрсетеді. Мұндай жүйе әсіресе боран, тұман және жауын кезінде жүргізушінің жолдан шығып кету қаупін төмендетуге арналған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында жобаны кеңейту жоспарын таныстырды. 2026 жылдың соңына дейін республиканың 20 жол учаскесіне тағы 48 лазерлік кешен орнатылмақ. Осылайша елдегі құрылғылардың жалпы саны 104-ке жетеді.
Министрлік орташа жылдамдықты тіркейтін камералар желісін де ұлғайтпақ. Қазір жұмыс істеп тұрған жүйелер көліктің екі бақылау нүктесі арасындағы қозғалыс уақытын есептеп, жүргізушінің орташа жылдамдығын анықтайды. Жолдың белгілі бір тұсында ғана жылдамдықты азайту мұндай бақылаудан құтқармайды.
Ержан Сәденовтің айтуынша, камералар орнатылған республикалық трассаларда оң өзгеріс байқалған. Жол-көлік оқиғалары 10 пайызға, зардап шеккендер саны 12 пайызға төмендеген. Адам өлімі бірден 33 пайызға азайған.
«Республикалық трассаларда осы жабдық орнатылған жерлерде жол-көлік оқиғаларының саны 10 пайызға, қаза тапқандар 33 пайызға, зардап шеккендер 12 пайызға азайды. Яғни жүйе тиімді», — деді Ержан Сәденов.
Орташа жылдамдық камераларын республикалық жолдардың тағы 16 учаскесіне орнату жоспарланып отыр. Бақылау жүйесі алдағы уақытта республикалық трассалармен шектелмейді. Премьер-министр Олжас Бектенов осындай камераларды облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына да енгізуді тапсырды.
Жаңа құрылғылардың міндеті айыппұл санын көбейтуден бұрын, жүргізушіні бүкіл бағыт бойы жылдамдық тәртібін сақтауға ынталандыруға бағытталған. Лазерлік бағдарлау жүйесі қауіпті ауа райында қозғалысты жеңілдетсе, камералар жолдағы тәртіпті тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Екі технологияны қатар қолдану трассалардағы апат пен адам шығынын азайтудың негізгі тетіктерінің біріне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







