Қазақстан көмірсутек қорларын игеруге жаңа инвесторлар тарту үшін 56 жер қойнауы учаскесін электрондық аукционға шығарады. Сауда 25 желтоқсанда e-Qazyna алаңында өтіп, өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, аукцион жер қойнауын тиімді пайдалану жөніндегі президент тапсырмасы аясында ұйымдастырылады. Негізгі мақсат геологиялық барлауға жеке капитал тартып, мұнай-газ саласының ресурстық базасын кеңейту. Жыл соңына дейін ұсынылатын көмірсутек учаскелерінің жалпы саны 112-ге жетпек.
Желтоқсанда саудаға шығарылатын учаскелер Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан. Тізімге Бегімбет 1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс пен Қаракөл кіреді. Инвесторларға барлау және өндіру немесе тікелей өндіру құқығы ұсынылады.
Аукцион жеңімпазы лицензия алып қана қоймай, нақты инвестициялық міндеттеме қабылдайды. Әр учаске үшін сейсмикалық зерттеу, геологиялық барлау және ұңғыма бұрғылаудың ең төменгі көлемі жеке белгіленген. Сондықтан саудаға капиталымен қатар, технологиялық және кәсіби мүмкіндігі бар компаниялар қатыса алады.
Жеңімпаз шарт жасалғаннан кейін бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге тиіс. Үш жыл ішінде 2D сейсмикалық барлау бойынша қойылған талаптарды орындауы қажет. Учаске шартында көзделсе, төрт жыл ішінде кемінде бір ұңғыма бұрғылау міндеті жүктеледі.
Инвесторларға адами капитал мен ғылымды қаржыландыру талабы да қойылады. Өндіру кезеңінде өткен жылғы шығынның 1 пайызы қазақстандық мамандарды оқытуға, тағы 1 пайызы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалуға тиіс. Шарттағы инвестицияның қосымша 1 пайызы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымына бағытталады.
Жергілікті қамту бойынша да төменгі шек бекітілген. Қазақстандық үлес жұмыстар мен қызметтерде кемінде 70 пайыз, ал тауарларда 30 пайыз болуы керек. Басшылар мен олардың орынбасарлары арасындағы отандық кадрлар үлесі кемінде 80 пайыз болуы тиіс.
Құрылымдық бөлімше басшылары арасында қазақстандықтардың үлесі 90 пайызға жетуі қажет. Мамандар мен білікті жұмысшылар толығымен жергілікті кадрлардан жасақталуға тиіс. Мұндай талап инвестицияның игілігін тек бюджет кірісімен шектемей, жұмыспен қамту мен кәсіби даярлауға бағыттауды көздейді.
Ірі кен орны анықталған жағдайда инвесторға қосымша міндет қойылады. Бастапқы геологиялық қор 100 миллион тоннадан астам мұнайды немесе 50 миллиард текше метрден көп табиғи газды құраса, өңдеу өндірісін салу не жаңғырту талабы енгізіледі. Компания өндірілген шикізатты Қазақстанда өңдеуге немесе басқа инвестициялық және әлеуметтік жобаны іске асыруға тиіс.
Желтоқсандағы аукцион мұнай-газ секторына жаңа ойыншылар тартатын кезекті мүмкіндік болмақ. Алайда жер қойнауын пайдалану құқығы барлау, бұрғылау, ғылым, инфрақұрылым және жергілікті кадр алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілікпен бірге беріледі. e-Qazyna платформасы мемлекеттік активтер мен электрондық сауданы цифрлық форматта жүргізуге арналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







