Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына сапары кезінде Ақой ауылындағы су жинағыш станцияның жұмысымен танысты. Қаншама жыл өзен мен тұзды құдық суын пайдаланған ауыл тұрғындары кезең-кезеңімен орталық су жүйесіне қосылып жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақой ауылында барлығы 63 абонент бар. Қазір олардың 25-і орталықтандырылған су құбырына қосылған. Тағы сегіз үйге қажетті қазу жұмыстары жүргізілді, ал қалған 30 баспананы жүйеге қосу жалғасып жатыр.
Су жинағыш станцияда екі сорғы, екі таза су резервуары және екінші көтерілімдегі сорғы станциясы қарастырылған. Сонымен бірге күзет үйі, трансформаторлық қосалқы станция, дизельді электр станциясы мен санитарлық блок салынған. Мұндай кешен су жеткізуді тұрақтандырып, электр қуаты үзілген жағдайда нысанның жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Станцияның қауіпсіздігі де нормативтік талаптарға сай жасалған. Сақиналы су құбыры желісінің құдықтарына өрт гидранттары орнатылып, сыртқы өрт сөндіру жүйесі қалыптастырылған. Нысан ауылдың ауызсу қажеттілігімен қатар төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

Берік Уәли ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамту елді мекендердегі негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Ол станциядағы жұмыстың сапалы орындалғанын атап өтіп, тұрғындарға судың тұрақты берілуі қажет екенін жеткізді. Аймақ басшысы судың сапасын арнайы тексеру үшін келгенін айтты.
Ауыл тұрғындары өзен суынан құтылды
Ақой тұрғыны Күлзатхан Жеткенованың сөзінше, ауылда ұзақ жыл бойы таза ауызсу болмаған. Халық өзеннен су ішіп, құдықтағы тұзды суды пайдалануға мәжбүр болған. Ол көптен күткен жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдірді.
Қазір Абай облысында халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 30 ауылға су беріліп, тағы екі нысанда құрылыс аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, өңірде су құбырларын қайта жаңғыртуға арналған 31 жоба қолға алынған.
Көкпекті ауданының Биғаш, Қарамойыл, Шәріптоғай, Мамай және Шұғылбай ауылдарында құрылыс басталды. Жобалар аяқталса, ауданның бірнеше елді мекеніндегі ескі желілер жаңарып, таза суға қолжетімділік артады. Ақойдағы станция осы ауқымды жұмыстың нақты нәтижесіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







