Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін облыстық ауруханаға жеткізілген сарбаз есін жиды. Дәрігерлер оның қазіргі денсаулық жағдайы тұрақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Терапия бөліміне ауыстырылды
Төтенше жағдай кезінде судан аман алып шығып, ауыр халде ауруханаға түскен сарбаздың беті бері қарады. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен медициналық көмегінің арқасында науқастың өміріне төнген тікелей қауіп сейілген.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров зардап шеккен әскери қызметшінің жағдайы оңалғанын, енді ол бейінді бөлімде емделіп жатқанын жеткізді.
«Оқу-жаттығу кезіндегі төтенше жағдайдан кейін облыстық ауруханаға жеткізілген әскери қызметші есін жиды. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты. Ол терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – деп хабарлады Бекболат Ізбасаров.
Екі сарбазды іздестіру жалғасуда
Қайғылы оқиға 24 қыркүйек күні Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде орын алған еді. Ауа райының кенеттен нашарлап, екпінді желдің күшеюі салдарынан теңізге барлығы 17 әскери қызметшіні толқын әкеткен.
Қорғаныс министрлігі нақтылаған соңғы деректер бойынша, 12 сарбаз қаза тапты. Құтқарушылар үш әскериді судан аман алып шықты, олардың бірі осы ауруханада емделіп жатқан азамат. Қазір теңіз айдынында тағы екі әскери қызметшіні іздестіру-құтқару операциясы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.
Салғырттық танытқандарға қатысты қылмыстық іс
Орын алған қайғылы жағдай бойынша екі бірдей қылмыстық бап негізінде іс қозғалды. Құзырлы органдар жүргізген алғашқы тексеру шаралары нәтижесінде әскери қызметке салғырт қараған лауазымды тұлғалар анықталды. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бүгін, 25 қыркүйекте елімізде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді аза тұтудың Жалпыұлттық қаралы күні өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың жақындарына қайғырып көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын толық анықтауды және олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырған. Оқиға орнында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







