Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға 14 әскери қызметшінің өмірін қиды. Алайда мұндай жағдайда тек оқиғаның себептерін анықтау ғана емес, мемлекеттік институттардың жұмысқа қаншалықты жедел кірісе алуы: іздестіру жүргізу, отбасыларға көмектесу, жауаптыларды анықтау және қоғамға тергеу барысы туралы ашық хабарлау да аса маңызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Реакция оқиға болған күні бірден басталды.
Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау және әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Президент 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Мемлекеттік органдардың жедел әрекеті
Үкіметтік комиссия жұмысын тікелей Маңғыстау облысында бастады. Іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы жүргізілді. 25 қыркүйек күні таңертең, шамамен сағат 09:15-те хабар-ошарсыз кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылды.
Сонымен бір мезгілде сотқа дейінгі тергеу басталды.
Таңертең Бас прокуратура қызметке салғырт қараған және жеке құрамның қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген деп күдіктелген лауазымды тұлғалардың анықталғанын хабарлады. Тергеушілер оқиға орнын қарап шығып, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алып, құжаттар мен бейнематериалдарды тәркілеп, 12 сараптама тағайындады.
Арада екі сағат өткен соң ІІМ Қарулы Күштердің жоғары және аға басшылық құрамының бес лауазымды тұлғасы ұсталғанын хабарлады. Олардың барлығы күдікті мәртебесіне ие. Тергеу жалғасуда, сондай-ақ іс-әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс қосымша тұлғалар тобы анықталып жатыр.
Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету бойынша да жеке жұмыстар жүргізілді. Үкіметтік комиссия материалдық және өзге де көмекті қамтамасыз етуді тапсырды, Қорғаныс министрлігі материалдық әрі психологиялық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Тағы бір маңызды тұс — қайғылы оқиғаға қатысты ақпарат жасырылған жоқ. Іздестіру мен тергеу шаралары барысында ресми органдар қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер санының нақтылануы, іздестіру барысы, тергеудің алғашқы нәтижелері және күдіктілерді ұстау туралы мәліметті дер кезінде жариялап отырды. Халықтан ештеңе жасырылмады.
Мемлекеттік жүйе қайғылы оқиға алдында тоқтап қалған жоқ. Бір құрылым іздестіру мен тергеумен айналысса, екіншісі отбасыларға көмек көрсетіп, үшіншісі күнделікті міндеттерін атқаруды жалғастырды.
Қайғы мен қоғам алдындағы жауапкершілік
Мынаны түсіну маңызды: иә, қайғылы оқиға орын алды. Оны елеусіз қалдыруға, ұмытуға немесе тезірек жауып тастауға болмайды. Себептерін анықтап, жауапкершілікті белгілеп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін тиісті қорытынды шығару қажет. Бірақ бұған бола ел тоқтап қалмауы тиіс.
Адамдар жұмысын жалғастыруда. Мемлекеттік органдар шешімдер қабылдап жатыр. Экономика, мектептер, ауруханалар, кәсіпорындар, көлік — мұның ешқайсысы тоқтаған жоқ. Миллиондаған адамның өмірі жалғасуда және мемлекеттен де дәл сондай үздіксіз жұмысты талап етеді.
Қайғылы жағдайға байыппен қараудың мәні осында болса керек: қаза тапқандарды еске алу, отбасыларын қолдау, барлық сауалға нақты жауап алу — және алға қарай жылжу.
Өйткені қайғы мен жауапкершілік өмірдің жалғасуына қайшы келмейді. Керісінше, мемлекеттің жауапкершілігі ең ауыр күндердің өзінде елдің тұрақтылығын сақтап, жұмысын жалғастыруды қамтамасыз етуде жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







