Жетісу облысындағы Ақсу және Көксу қант зауыттары жергілікті шаруашылықтардан биылғы қант қызылшасы өнімін қабылдауға кірісті. Маусым барысында қос кәсіпорында жалпы көлемі 585 мың тонна өнім өңдеу көзделген, соның 211 мың тоннасы Ақсуға, ал 374 мың тоннасы Көксу зауытына жеткізіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жалпы есеппен өңірде 101 мың тонна дайын қант өндіру межеленген. Оның 71 мың тоннасы тікелей қант қызылшасынан, ал 30 мың тоннасы қант құрағынан алынады.
Кезекке тосқауыл қоятын арнайы кесте мен жабдықтар
Өнім тапсыру кезінде бұған дейін жиі кездесетін көлік кептелісі мен ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін кәсіпорындарда арнайы қабылдау кестесі бекітілді.
«Зауыттарда кесте жасалып, бекітілді. Мұндай тәртіп келіп түсетін өнім легін реттеуге және қант қызылшасын өңдеуге өткізу кезінде кезектің пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Қазір екі зауытта да өнімді қабылдау мен өңдеуге дайындау жұмыстары аяқталды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Көксу зауытында жаңғырту мен жөндеу шаралары белгіленген жоспарға сай аяқталды. Мұнда қызылша қабылдауға арналған 5 БУМ машинасы дайындалып, өнім сапасын тексеретін зертхана жаңа жабдықтармен жарақтандырылды.
Ақсу қант зауытында да барлық негізгі желілер жөндеуден өтті. Екі қазандық толықтай табиғи газға ауыстырылып, жаңа қызылша кескіштер мен әк-газ пеші орнатылды. Сондай-ақ электр цехының жоғары кернеулі жабдықтары сыналды және жаңа БУМ машинасы іске қосылды.
Өндіріс қуатын арттыратын ауқымды инвестиция
Аймақтағы зауыттардың қуаттылығын арттыру мақсатында кезең-кезеңімен жаңғырту жобалары жүзеге асып жатыр. Көксу зауытының жылдық қуатын 250 мыңнан 500 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын жоба 2027 жылы толық аяқталады.
Қазіргі кезде зауыттың азық-түлік цехын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі жүріп жатыр. Кәсіпорын күніне 2 мың тонна өнім қабылдап, ең алдымен ерте пісетін сорттарды өңдеуге кірісті. Жаңа қондырғылар арқылы тәуліктік өңдеу қуаты 3 мың тоннаға, ал жоба аяқталған соң 5 мың тоннаға жеткізіледі.
Жетісу облысында биыл қант қызылшасы 13,5 мың гектар жерге егілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,3 мың гектарға артық.
Ақсу қант зауытында да осындай ауқымды жаңарту қолға алынған. Инвестор кәсіпорын қуатын 350 мыңнан 600 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Құны 25 млрд теңгелік инвестициялық бағдарлама 2028 жылға дейін толық іске асырылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







