Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы кикбоксингтен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, халықаралық жарысқа әлемнің 79 елінен 1500-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын қорғаған жас шеберлер екі жас санаты бойынша аса жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Қоржындағы 66 медаль
Жарыс қорытындысы бойынша отандық кикбоксшылар жалпы саны 66 медаль иеленді. Оның ішінде 25 алтын, 20 күміс және 21 қола жүлде бар.
Қазақстан құрамасы Италия төрінде 25 алтын, 20 күміс және 21 қола медаль еншілеп, жалпы есепте әлемнің 79 елін артта қалдырды.
Жастар құрамасы 15 алтын, 10 күміс пен 13 қола медаль иеленді. Ал жасөспірімдер сапындағы спортшылар ел қоржынына 10 алтын, 10 күміс және 8 қола жүлде қосты.
Рингтегі шеберлік пен басты нәтижелер
Отандық өрендер жоғары сатыдағы жүлделерді негізгі үш рингтік бағыт – фулл-контакт, лоу-кик және К-1 бағдарламалары бойынша сарапқа салды. Чемпиондар мен жүлдегерлер қатарында ұлдармен қатар қыздар да шеберлік танытты.
Қазақстан құрамасы алтын медальдар саны бойынша ең жақын бәсекелестерін екі еседен астам басып озып, жастар арасындағы әлемдік кикбоксинг көшін сенімді түрде бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







