Ірі технологиялық компаниялардың дата-орталықтары 2030 жылға қарай жылына 295 ТВт·сағ дейін электр энергиясын тұтынатын болады. Бұл әлемдік электр энергиясына деген сұраныстың шамамен 1%-ына тең. Мұндай есептеулер АҚШ-тағы Огайо штаты университеті мен Қытайдағы Чжэцзян университеті ғалымдарының бірлескен зерттеуінде қамтылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инфрақұрылымның үш сценарийі
Инфрақұрылымның дамуы бойынша барлығы үш сценарий қаралды: жаңа қуат көздері жылына 15%-ға өсетін консервативті, 25%-ға артатын бейтарап және 35%-ға өсетін оптимистік сценарий. Есептеулер сценарийге байланысты алты алпауыт компанияның дата-орталықтарының тұтынуы 2030 жылға қарай 239–295 ТВт·сағатқа жететінін көрсетті.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамына сәйкес, әлемдегі барлық дата-орталықтар бұл уақытқа қарай шамамен 945 ТВт·сағатты немесе жер бетіндегі барлық электр энергиясының 3%-ын тұтынуы мүмкін.
Энергия желілеріне түсетін біркелкі емес салмақ
Алайда жүктеме әлем бойынша өте біркелкі емес бөлінеді. Ірі компаниялардың болжамды есептеу қуаттарының 90%-дан астамы Солтүстік Америкада, Батыс Еуропада және Азия-Тынық мұхиты аймағында шоғырланады. Дата-орталықтар көбінесе электр энергиясының мол қорына қолжетімділік, дамыған электр желілері мен телекоммуникациялық инфрақұрылым, қолайлы климаттық жағдайлар және мемлекеттік қолдау бар жерлерде орналасады.
Бұл ретте жүктеме салыстырмалы түрде шағын энергия жүйелері үшін ең айқын байқалуы мүмкін. Дата-орталықтар тарапынан энергия тұтынудың ең ірі нүктелеріне Орегон, Вирджиния, Айова, Огайо және Ирландия айналады: осы өңірлердің әрқайсысында бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай жылына 15 ТВт·сағаттан асуы мүмкін.
Олардан кейін Техас, Нидерланды және Вашингтон штаты келеді, мұнда сұраныс сәл төмендеу болғанымен, қарқынды өсімін жалғастырады. Мұнда тек тұтынудың абсолютті көлемі ғана емес, сонымен бірге энергия жүйесінің өз ауқымы да маңызды: мысалы, Орегон, Айова және Ирландия үшін жаңа салмақ әлдеқайда ауыр болмақ, ал Техастың алып энергия жүйесі оны анағұрлым жеңіл көтере алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







