АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасы (NHTSA) ел аумағындағы 1 миллионнан астам Honda автокөлігіне қатысты ресми инженерлік талдау бастады. Федералдық реттеуші орган қозғалтқышты автоматты түрде тоқтатып, қайта іске қосатын «старт-стоп» жүйесінің істен шығуына байланысты осындай шараға жүгінген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
700-ден астам шағым тіркелді
Реттеуші мекеменің мәліметінше, жүргізушілерден қозғалтқыштың қайта оталмай қалуы туралы 701 арыз келіп түскен. Тексеру 2024–2026 жылдары шығарылған Honda Odyssey, Passport, Ridgeline және Pilot модельдеріне, сонымен қатар Acura MDX кроссоверлеріне қатысты жүргізіліп жатыр. Қадағалау аясына жалпы саны 1 033 632 көлік ілікті.
Жанармай үнемдеуге арналған автоматты тоқтату жүйесі автокөлік толық тоқтағанда моторды сөндіріп, жүргізуші тежегіш педалін босатқанда оны қайта оталдыруы қажет. Алайда шағым түсірген жүргізушілер бағдаршамда немесе қозғалыс кезінде сөнген көліктің қайта оталмай, жолда тұрып қалатынын алға тартқан.
Реттеуші орган инженерлік талдауды мәселенің ауқымы мен қауіптілік деңгейін анықтау, сондай-ақ жол қауіпсіздігіне тигізетін тәуекелдерін бағалау үшін қолға алған.
Ақаудың түпкі себебі өзгеше
NHTSA бұған дейін де осы тектес мәселеге байланысты бөлек тексеру жүргізген болатын. 2015–2025 модельдік жылдардағы 2,2 миллион Honda көлігін қамтыған алдыңғы іс барысында 1 300-ден астам шағым, төрт жол апаты және екі зардап шеккен адам тіркелген еді.
Агенттік мамандары екі топтағы автокөліктерде де сыртқы көрінісі бірдей ақау бар екенін айтады. Дегенмен соңғы тергеуге ілінген жаңа үлгілердің түпкі себептері өзгеше болып шыққан және олар жөндеу шараларына да басқаша әсер етеді.
«Honda жаңа тексеру туралы хабардар және істі қарау барысында NHTSA-мен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады», – деп мәлімдеді автоконцерн өкілдері.
Автоөндірушіге түскен қысым
Бұл инженерлік сараптама автогиганттың АҚШ нарығында 635 808 автокөлігін кері қайтару науқанынан бір апта өткен соң басталды. Сол кезде рөлдің электрлік күшейткішін істен шығаратын бағдарламалық қателік анықталған еді.
Жапониялық өндіруші үшін биыл кері қайтару жағдайлары көбейді. Мысалы, жазда шина жөндеу жинағының ақауына байланысты 1 миллионнан астам автокөлік кері қайтарылса, көктемде қауіпсіздік жастықтарының өздігінен ашылып кету қаупі үшін 440 мыңнан астам минивэн кері шақырылған. Бұған қоса, биыл АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) автоөндірушілерге «старт-стоп» функциясын орнатқаны үшін берілетін арнайы экологиялық жеңілдіктерді тоқтатты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







