Астанада үш жыл бұрын басталған JOLTAP жобасы тұрғындарға жаңа кәсіп меңгеріп, еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік берді. Курстарды осы уақытқа дейін 22 мың адам аяқтап, олардың басым бөлігі табыс табудың нақты жолына шыққан. Жобаның нәтижесін қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жариялады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкімнің мәліметінше, түлектердің 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 17 пайызы фриланс форматында қызмет көрсетіп жүр. Екі мыңға жуық қатысушы алған білімін пайдаланып, жеке кәсібін ашқан.
JOLTAP Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіптік дағдыларды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бастама жұмыс іздеушілерді оқытумен шектелмей, кәсіп ашу және мемлекеттік қолдау алу тетіктерін де түсіндіреді. Осы арқылы еңбек нарығындағы сұраныс пен азаматтардың мүмкіндігі өзара ұштасады.
Жұмысшы кәсіптен цифрлық дағдыға дейін
Жоба аясында еңбек нарығының қазіргі талабына бейімделген 30 авторлық бағдарлама әзірленген. Оның 19-ы тігінші, наубайшы, электргазбен дәнекерлеуші, аяқ киім жөндеуші және жиһаз құрастырушы секілді жұмысшы мамандықтарына арналған. Қатысушылар қысқа мерзім ішінде күнделікті табыс табуға мүмкіндік беретін нақты кәсіпті меңгереді.
Тағы 11 бағдарлама SMM, таргетинг, графикалық дизайн, мобилография және базалық цифрлық дағдыларды қамтиды. Цифрлық курстарға жасанды интеллект құралдарының енгізілуі жобаның еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп отырғанын көрсетеді. Мұндай білім түлектерге кеңседе жұмыс істеумен қатар, қашықтан тапсырыс орындауға жол ашады.
JOLTAP курстарында оқу толығымен тегін жүргізіледі. Қатысуға «Баршаға мүмкіндік» мобильді пункттері, аудан әкімдіктері және елорданың Жұмыспен қамту басқармасына қарасты мансап орталықтары арқылы жазылуға болады. Тұрғындарға мамандық таңдаудан бастап, жұмысқа орналасуға дейін кеңес беріледі.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, JOLTAP алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңіріне таратылады. Астанада сыналған тәсіл аймақ тұрғындарына сұранысқа ие кәсіпті ақысыз меңгеріп, еңбек нарығына тезірек қосылуға мүмкіндік бермек. Жобаның басты нәтижесі оқуды аяқтағандар санымен ғана емес, тұрақты жұмыс тапқан және өз кәсібін бастаған азаматтар үлесімен өлшенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







