Астана қаласында бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылды. Қоғамдық орындарды ластауға қатысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында елорда тұрғындарына үндеу жасады. Оның айтуынша, қалада аулаларды, саябақтарды және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмысы күн сайын жүргізіледі. Алайда жасалған нысандарды бүлдіретін азаматтар да кездесіп отыр.
Вандалдар аялдама павильондарын, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, мүсіндер мен абаттандыру элементтерін зақымдайды. Құқық бұзушылардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Мұндай әрекет бюджет қаражатына салынған нысандарды қайта жөндеуге қосымша шығын келтіреді.
Жеңіс Қасымбек қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның мәдениеті мен тәрбиесін көрсететінін атап өтті. Қаладағы инфрақұрылым тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі және қолайлылығы үшін жасалады. Оны бүлдірген адам күн сайын сол көшелермен жүретін өз жақындарына да қолайсыздық туғызады.
Қоғамдық мүлікке зиян келтіргендер жазаланады
Әкім Мемлекет басшысының құқықтық нигилизмге қарсы бүкіл қоғам болып күресу жөніндегі сөзін еске салды. Президенттің айтуынша, заң мен тәртіпті құрметтеу жазадан қорқуға емес, азаматтың жоғары жауапкершілігіне негізделуге тиіс. Қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау да осындай жауапкершіліктің күнделікті көрінісі саналады.
Елордада есірткі заттарын жарнамалайтын граффитилерді анықтау және жою жұмысы жүріп жатыр. Мұндай жазулар қаланың келбетін бұзумен қатар, заңсыз заттарды насихаттау құралы ретінде пайдаланылады. Жауапты қызметтер оларды өшіріп, авторларын анықтау үшін полициямен бірлесіп жұмыс істейді.
Полиция қызметкерлері қала көшелерін күн сайын патрульдеп, қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтайды. Құқық бұзушылықтардың жолын кесуде бейнебақылау жүйесі де кеңінен қолданылып келеді. Қаладағы камералар саны жыл сайын ұлғайтылып, қоғамдық орындарды бақылау мүмкіндігі күшейтілуде.

Кәмелетке толмағандар үшін ата-анасы жауап береді
Заңға қайшы әрекет жасағандарға әкімшілік шара қолданылып, тиісті негіз болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Кәмелетке толмаған бала құқық бұзса, оның ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді. Сондықтан қоғамдық тәртіпке құрмет отбасындағы тәрбиеден басталуға тиіс.
Жеңіс Қасымбек әрбір заң бұзушылықтың жауапсыз қалмайтынын ескертті. Оның сөзінше, нөлдік төзімділік қағидаты полицияның немесе әкімдіктің жұмысымен ғана қалыптаспайды. Тұрғындар да вандализмді байқаса, бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлауы қажет.
Қала әкімі елорда тұрғындары мен қонақтарын Астанаға ұқыпты қарауға шақырды. Тазалық пен көркейту жұмысының нәтижесі жаңадан салынған нысандардың санына ғана емес, олардың қаншалықты сақталатынына да байланысты. Ортақ қалаға жауапкершілікпен қарау қоғамдық тәртіп пен азаматтық мәдениеттің өлшеміне айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







