Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы автотұрақтарға сараланған тарифтер енгізіліп, ең қарбалас аймақтарда көлік қою құны сағатына 200 теңгеге дейін қымбаттайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық мәслихаттың мақұлдауымен бекітілген жаңа жүйеге сәйкес, тұрақ ақысы бірыңғай сомамен емес, көшелердегі көлік қозғалысының тығыздығы мен бос орындардың тапшылығына қарай төленеді. Мегаполистегі сағатына 100 теңгелік тариф соңғы он жыл бойы, яғни 2016 жылдан бері алғаш рет қайта қаралып отыр.
Үш деңгейлі тариф қалай жұмыс істейді?
Жаңа ереже бойынша қала аумағы жүктеме деңгейіне қарай үш аймаққа бөлінді. Қозғалыс тыныш, көлік ағыны салыстырмалы түрде төмен аудандарда баға бұрынғыша сағатына 100 теңге болып қала береді.
Қозғалыс орташа қарқынмен жүретін орталық бөліктерде тұрақ ақысы сағатына 150 теңгені құрайды. Ал Көк базар маңы секілді көлік көп шоғырланатын, бос орын табу қиын әрі жүктемесі аса жоғары аймақтарда жүргізушілер сағатына 200 теңгеден төлеуге мәжбүр болады.
Көлік саны 1 миллионнан асты
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев қалада көлік инфрақұрылымына түсетін қысымның шамадан тыс артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бағаның ұзақ жылдар бойы өзгермеуі жүргізушілердің тұрақ орнын ұзақ уақыт босатпай қоюына алып келді.
«Соңғы он жыл ішінде сырттан келетін көлікті қосқанда, қаладағы көлік саны бір миллионнан асты. Қолданыстағы 100 теңгелік тариф орындардың тез босауын қамтамасыз етуге және бос орын табуға қауқарсыз болып қалды. Жаңа тарифтік кесте екі негізгі өлшемге сүйенеді: біріншісі – көлік жүктемесі, екіншісі – аумақтың функционалдық мәні. Қарбалас аудандардағы жоғары баға жүргізушілердің көлікті ұзақ тұрғызбай, орындардың жиі босауына түрткі болады», – деді Ержан Диханбаев.
Тұрғындар мен жеңілдігі барларға тегін бекеттер
Жаңашылдық ақылы тұрақтар маңында тұратын жергілікті тұрғындардың қалтасына салмақ салмайды. Үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, баспанасының жанындағы коммуналдық тұраққа бір автокөлігін бұрынғыдай тегін қоя алады.
Сондай-ақ заңмен бекітілген кейбір санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер толық күшінде сақталады. Қала билігі бағаның саралануы бос орын іздеуге кететін уақытты азайтып, қала көшелеріндегі жөн-жосықсыз көлік қою деректерін айтарлықтай төмендетеді деп күтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







